Қазақстандықтар Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді, деп хабарлайды түрік елінің Қазақстандағы Елшілігі.
«Жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған көмек шотына бүгін Қазақстанда жиналған $216 мың АҚШ доллары AFAD-тың (Түркияның төтенше жағдайлар басқармасы – ред.) ресми шотына аударылды. Осылайша, қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 млн 616 мың АҚШ долларын құрады», — делінген Түркия Елшілігінің мәліметінде.
Бұған дейін Елшілік: «Қазақ бауырларымыз қайырымдылық ретінде берген 84 ұлттық қазақ үйі жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде апат орнына жеткізілді», — деп жазған еді. ҚазАқпарат тілшісі Түркиядан хабарлағандай, киіз үйлермен қоса, Қазақстан жіберген гуманитарлық жүктер де бар.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлінген еді. 15 ақпан күні белгілі болғандай, Үкімет аталған елге қосымша 55 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберетін болды.
Бүгінге дейін қазақстандық құтқарушылар үйінділер астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйітін алып шықты.
Соңғы мәліметке сәйкес, 6 ақпан күні болған зілзаладан көз жұмғандар саны 35 мыңнан асты.