Басты

Қазақстандықтар Алматыда Түркиядан келген құтқарушыларды күтіп алды

Газиантеп қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың бірінші эшелоны елге аман-есен оралды, — деп ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.

ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Алматы әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды.

«Түркия Республикасының АFAD жер сілкінісі салдарын жою дағдарыс орталығымен келісіліп, Қазақстан Республикасы ТЖМ күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары барлық нысанда аяқталды, күштер топтамасы тұрақты орналасқан пункттерге қайтарылады», — делінген хабарламада.

Еске салайық, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.

Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мыңнан текше астам метр үйінділерді бөлшектеді.

Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты. Түркия тұрғындарының тарапынан Қазақстандық құтқарушыларға кәсіби, уақтылы және нәтижелі іздестіру-құтқару жұмыстары үшін шын жүректен алғыс сөздері айтылды.

 

TuraNews

Back to top button