Спорт

Қазақстандық теннисші Түркиядағы турнирдің жартылай финалына шықты

Қазақстандық, 17 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Анталия (Түркия) ITF турнирінің жартылай финалына шықты.

С.Жиенбаева мажарстандық Амарисса Киара Тотпен бірге екі кездесуін жеңіспен тәмамдады.

Қазақстандық-мажарстандық жұп алдымен швейцариялық Фиона Ганц – Алина Гранверді 6:2, 7:5 есебімен тізе бүктірді.

Содан кейін марокколық Ая Эль-Ауни – украиналық Дарья Есыпчукті тартысты матчта жолдан тайдырды – 7:5, 4:6, 11:9.

Қазақстандық-мажарстандық дуэт финалға шығу үшін жапониялықтар Маюка Айкава – Фуна Козакимен таласады.

С.Жиенбаева осы жарыста жекелей сында алғашқы айналымда түркиялық Илай Йорукті аса тартысты бәсекеде 6:3, 6:7 (8:10), 6:2 есебімен жеңген еді. Алайда екінші айналымда М.Айкаваға 2:6, 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалға шыға алмай қалды.

Соня Жиенбаева 2006 жылы 2 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Соняның анасы – қазақ, әкесі – неміс ұлтынан.

Бала кезінде Соня отбасымен Германияға көшкен. 2022 жылдың қорытындысымен Соня жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде үздік 30 теннисшінің қатарына кірді.

Спорттық жолында ол алты рет ITF Juniors жарысының чемпионы атанды. Қазақстанды Жиенбаева ұмытқан емес. Өйткені оның Алматыда туыстары көп. Ол әрқашан Қазақстан азаматы атанып, тарихи Отанының намысын қорғауды армандап келді

Source
KazinformBasSport.kz

TuraNews

Back to top button