Астана әкімдігі сайтының хабарлауынша, Айкөркем Батихан бұл тарихи жеңіске 50 метр қашықтықта диаметрі 50 см болатын Пута нысанасы бойынша жарыста қол жеткізген. Сондай-ақ 12-ші рет өтіп отырған «Fetih Kupası» халықаралық турниріне әлемнің 20 елінен 300-ге жуық спортшы қатысқан.
«Fetih Kupası» халықаралық турнирі – дәстүрлі садақ ату бойынша ең ірі жарыстардың бірі. Бұл сайыста табысты өнер көрсету және жеңіске жету – қазақстандық барлық садақшының арманы. Бұл жарыс Түркияда 12 жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Қазақстандық спортшылар оған 2017 жылдан бері қатысып келеді, бірақ бұған дейін жеңіске жетпеген едік. Биыл біздің спортшылар финалға шықты: 4 қыз және 4 ер адам жолдама алды. Финалда Айкөркем Батихан Түркияның ең мықты садақшысымен кездесіп, оны 5:4 есебімен жеңді. Айкөркемнің жеңісі – бүкіл командамыз үшін үлкен жетістік», — деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Диас Ахметов.
19 жастағы Айкөркем Батихан – астаналық спортшы. Оның дәстүрлі садақ атумен айналысып жүргеніне 1,5 жыл болған.