Спорт

Қазақстандық парадзюдошылар командалық есепте топ жарды

Парадзюдодан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Азия чемпионатында командалық есепте жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Финалда Қазақстан әйелдер құрамасы Өзбекстан құрамасын 3:2 есебімен жеңді. Команда сапында Альфия Тілекқабыл, Ақмарал Науатбек және Динара Құжылова жеңіс сыйлады. Әйелдер құрамасында татамиде Альфия Тілекқабыл (J1-57 кг), Даяна Федосова (J2-70 кг), Зауре Әйтек (J1+70 кг), Ақмарал Науатбек (J2-70 кг) және Динара Құжылова (J2+70 кг) өнер көрсетті.

Өзбекстан құрамасы екінші орынға ие болды, ал үштікті Үндістан спортшылары түйіндеді.

Ерлер арасында командалық чемпионатта Қазақстан үшін шешуші кездесу Өзбекстанмен өтіп, жерлестеріміз 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл жарыста Олжас Оразалыұлы мен Токио-2020 Паралимпиада чемпионы Феруз Саидов арасында күрес аса тартысты өтті. Жекпе-жектің басында Феруз Саидов алғашқы «вазаримен» алға шыққанымен, Олжас есепті теңестіре алды.

Күрес қосымша уақытқа дейін жалғасты (алтын скор). Қосымша уақытта Олжас Оразалыұлы қарсыласынан айласын асырды.

TuraNews

Back to top button