Қазақстандық оқушылар АҚШ-та тегін оқи алады
Қазақстандық оқушылар АҚШ-та тегін оқи алады. Мәселе оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюмнің кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елдеріміз арасында білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық орнатылып, барлық деңгейде бірден бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Біз әртүрлі тәжірибе алмасу бағдарламаларын құп көреміз, мысалы FLEX арқылы 2 000-нан астам оқушы АҚШ мектептерінде оқыды. Ағылшын тілін дамыту – тиімді бағдарламалардың бірі. Бағдарлама қатысушылары ұйымдарымызда ағылшын тілін үйретеді. Сондай-ақ, STEM және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Барлық бағыт бойынша алдағы уақытта ынтымақтастығымыз нығая түсетініне сенемін», — деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм ынтымақтастыққа дайын екенін айтып, екіжақты байланыстың әлеуетін атап өтті.
«Ел болашағы өскелең ұрпақтың білімімен тығыз байланысты. Бұл – өте маңызды миссия. Өзіңіз атағандай, біздің көп жылдар бойғы табысты серіктестігіміз жалғасып келеді. Одан әрі ынтымақтастыққа дайынбыз, оның ішінде Қазақстандағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша», — деді Елші.
Кездесуде білім саласындағы ынтымақтастықтың басқа да мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, колледждерді дамыту, инклюзивті білім беру. Сондай-ақ, мұғалімдерге арналған сертификаттар мен курстарды тану мәселелерін қарады.
Сонымен бірге, тараптар екі елдің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестігін одан әрі нығайтуға және кеңейтуге қызығушылық білдірді.