Елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. БҰҰ мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Мемлекет басшысының пайымдауынша, еліміз 2050 жылға қарай тіпті «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Тіпті, соңғы уақытта елордада су тапшылығы сезіле бастады. Оның себебі неде? Ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатыр? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының мақаласында.
Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарында
Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. БҰҰ мәліметінше, бүгінде 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Сарапшылар елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты екенін айтады. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Worldometers мәліметінше, Қазақстан жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Салыстыру үшін Ресейде бұл көрсеткіш үш есе аз — бір адамға 1,3 мың литр, Германияда — 855 литр, ал Ұлыбританияда — небәрі 348 литр.
Дегенмен Конго Демократиялық Республикасы сияқты су тапшылығынан зардап шеккен Африка елдерінде суды тұтыну жан басына шаққанда небәрі 34 литр. Рейтингте суды тұтыну бойынша Түрікменстан мемлекеті ең алдыңғы қатарда тұр. Бұл мемлекет жан басына шаққанда тәулігіне 16,3 мың литр қолданады. Одан кейін Оңтүстік Американың екі елі — Чили мен Гайана. Олардан кейін Орталық Азияның үш елі — Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан бұл елдерде бір адамға тәулігіне сәйкесінше 4,8 мың, 4,5 мың және 4,3 мың литр су тұтынады. АҚШ мемлекеті бір адамға 3,8 мың литр көрсеткішпен жетінші орында тұр. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде тұтынудың мұндай жоғары деңгейі су тарифтерінің төмендігімен байланысты.
Деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Мәселен, трансшекаралық өзендер арқылы бізге жылына Ресейден 8 текше шақырым, Қытайдан 19 текше шақырым, Өзбекстаннан 15 текше шақырым, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су келеді екен. Яғни, өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан келетін болса, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде қалыптасады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, барлық су қабылдағыштан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше шақырым су келеді. Оның 11, 3 текше шақырымы немесе 97%-ы оңтүстіктегі 5 облысқа тиесілі. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында жалпы суару алаңы 1,61 млн гектар немесе ел бойынша барлық алаңның 73%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің дерегінше, елде суармалы жерлердің аумағы 2,2 млн гектар болса, оның 1,6 млн гектары пайдаланылады.
Негізі Алматы облысында – 1,9 текше шақырым, Жетісу облысында – 1,4 текше шақырым, Түркістан облысында – 3,4 текше шақырым, Қызылорда облысында – 3,5 текше шақырым және Жамбыл облысында 1,1 текше шақырым су жиналады. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмыс жоспарын бекіткен болатын.
Суармалы су тапшылығы
Алдыңғы аптада Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында суармалы судың проблемаларын атап өткен болатын. Ол көкөністердің жалпы өнімін арттырудың негізгі факторларының бірі суармалы жерлерді айналымға енгізу екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандар көбейіп жатыр.
«Бұл өз кезегінде су мен қоректік заттарды нақты беру арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жыл сайынғы өсімге инвестициялық субсидиялау ықпал етеді, оның аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі», — деді министр.
Мининстрдің дерегінше, 2022 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер 21 мың гектарға ұлғайтылған. «Биыл мұндай жерлердің аумағын 300 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр, ал 2030 жылға қарай алаңдар 750 мың гектарға дейін жеткізіледі. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау аясында 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде облыстардың әкімдіктері 69 жобаны іске асыруға 63,2 млрд теңге сомасында қосымша қажеттілікті мәлімдеді. Айта кету керек, суармалы судың жетіспеушілігі проблемалы мәселе болып отыр. Сонымен қатар, суды ысырап етуге жол берілмеу керек. Фермер үшін шешім — су үнемдейтін технологияларды енгізу болуы керек. Егер мұндай технологияларды енгізетін фермер үшін «оң шешім» инвестициялық субсидиялаудың жоғарылауы болса, онда «теріс шешім» суға жұмсалатын шығындар артады», — деді ол.
Әлем елдеріндегі ауыз су тапшылығы
Ғалымдардың зерттеуінше 2025 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі деп болжануда. Бұл – әлем халқының үштен екі бөлігі ауыз суға зәру болады деген сөз. Соңғы жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюімен әлемде су тұтыну көлемі де ұлғайған. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әр адам күніне 20-50 литр су құртады екен. Сондай-ақ әлемнің 28 елінде миллиардқа жуық адам осы өмірлік маңызды ресурсқа қол жеткізе алмай отыр. Ал 2,5 миллиардқа жуық адам орташа немесе ауыр су тапшылығын сезуде.
Маусым айында өткен елордадағы Астана халықаралық форумында (AIF) сарапшылар «Су тапшылығы проблемасы туралы креативті ойлау» тақырыбын талқылаған болатын. Жиында ВВС-дің бұрынғы журналисі Стивен Коул планетаның 70%-ын су алып жатқанын, бірақ оның 97%-ға жуығы тұзды, ал қалған 2%-ы мұздықтардың мұз қабатында қатып қалғанын айтты. Оның дерегінше, бүкіл әлемде 3,5 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығы жағдайында өмір сүреді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қоршаған ортаны қорғау басқармасы директорының орынбасары және климат және жасыл қаржыландыру үйлестірушісі Матильда Меснар жаһандық климаттың өзгеруі мен экономикалық өсу аймақтағы су үшін қатаң бәсекелестікті одан әрі күшейтетінін айтты.
Форумға қатысқан эколог ғалым және Enactus Kazakhstan стратегиялық кеңесшісі Рэндалл Брюинз бірнеше инновациялық шешімдерді, соның ішінде су сүзгілерін өндіруде ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдалануды ұсынды. «Қазақстанда әрбір өзен бассейні үшін болмаса да, шекаралық суларды қорғау бойынша бірнеше жеткілікті сенімді шарттар бар екендігі қуантады. Қазақстан Үкіметінің жасыл экономика құру стратегиясы бар», — деді ол.
Судың қолжетімділігі мен қажеттілігін суды пайдалануды азайту, ластанған сулар мен жасыл Ауыл шаруашылығын сақтау үшін экожүйелер құру арқылы жеткізуге болатынын атап өтті. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы суды аз қажет ететін дақылдарға, агрохимиялық жүктемелерді азайтуға, зиянкестер мен ауруларды кешенді бақылауға, сондай-ақ суару технологияларына қайта бағытталуы керек.
Сонымен қатар Менсар Матильда су тапшылығын шешудің төрт негізгі бағытын атап өтті. Олар су ресурстарын басқаруды өңіраралық үйлестіру, Орталық Азия елдері арасындағы су-энергетикалық инфрақұрылымның бірлескен инвестициялық жоспары, су секторы мен энергетикадағы институттар арасындағы өзара іс-қимыл мен синергияны нығайту. Сонымен қатар, ол Дүниежүзілік ресурстар институтының мәліметі бойынша суға қатысты 790 міндеттеменің төрттен бір бөлігі ғана қабылданғанын атап өтті. Жиында мамандар су шаруашылығы саласында білім берудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Астанада су мәселесі қалай шешіледі
Соңғы кездері астаналықтарды су тапшылығы алаңдатып отыр. Бұл мәселеге бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның ішіндегі негізгі екеуі – халық санының тез өсуі мен қала құрылысының қарқын алуы. Елорданың алғашқы бас жоспары жасалғанда 2023 жылы халық саны 800-900 мың адам болады деп есептелген екен. 2010 жылы қала әкімшілігі 20 жылдан кейін, яғни, 2030 жылы астаналықтардың саны 1 млн. 200 мың адамға жетеді деп болжағанымен, ол көрсеткішке 2020 жылы жеттік. Қазір қала халқының саны ресми 1 млн. 500 мың адамды құрайды. Енді 7 жылдан кейін бас қалада 2-2,5 млн. адам тұруы мүмкін деген дерек бар. 2022 жылдың 11 айында елорда тұрғындарының саны 4,21 %-ға артқан. Халықтың табиғи өсімі мен көші-қонның әсерінен елордада жыл сайынғы суды алу мен тұтыну көлемі өте жылдам қарқында өсті. Мәселен, 2007 жылы су алу көлемі 43,5 млн. текше метр болса, 2012 жылы – 60 млн. текше метр, 2020 жылы – 105 млн. текше метр, 2021 жылы – 110, 2 млн. текше метр, 2023 жылы – 122 млн. текше метрге ұлғайған. Мамандардың болжауынша, 2030 жылы бұл көрсеткіш 180 млн. текше метрге дейін жетеді. Қаланы сумен жабдықтаудың негізгі көзі болып табылатын «Астана» су қоймасынан «Астана су арнасы» кәсіпорны жыл сайын шамамен 110 млн. текше метр су алады. Ал қалған 22 млн. текше метр су тапшы деген сөз. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда бас қалада 8,5 млн. шарш метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осылайша, 5 жылдық жоспар 3 жылда орындалған. Салынған үйлерді жылумен, сумен, электр қуатымен жабдықтау қиынға соғып, қала әкімшілігі 2022 жылы құрылыс көлемін 2 млн. шаршы метрге дейін азайтты.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл мәселе жайлы пікір білдірген еді. «Үш жыл ішінде Астана халқының саны 200 мың адамға көбейді. Биыл №3 су сорғыш-сүзгіш станцияны іске қосып, су тапшылығы мәселесін шешеміз. Биыл төртінші станцияны жобалауды бастаймыз. Бұған қоса, Үкімет елорданы сумен жабдықтаудың бірнеше нұсқаларын қарастырып жатыр. Соның ішінде ең біріншісі және қарапайым нұсқасы – Сабынды жер асты кенішінен су тарту. Бұл жобаны 1,5 жылда іске асырып, тәулігіне шамамен 40-50 мың текше метр су алып, Есілдің сол жағалауын сумен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде, оң жағалаудағы су жүйесіне түсетін жүктеме азаяды», — деді қала әкімі.
Ол сонымен қатар жаздың соңында 3-станция іске қосылған кезде су қысымына қатысты тапшылық мәселесі жойылатынын айтты. Одан бөлек, болжам бойынша 80-85 мың текше метр су артылып қалады деп сендірді.
«Қалада 2021 жылдан бастап Астана су қоймасынан су өткізетін құбырдың жаңа тармағы және ауыз су станциясы (ССС-3) салынып жатыр. Кеше су құбырының жаңа тармағы іске қосылды. Бұл тұрғын үйлердегі ауыз судың тиісті қысымын және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», — деп жазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, ауыз су станциясының (ССС-3) бірінші кезеңі маусым айының соңында аяқталады. Осыдан кейін қалада су тапшылығы мәселесі толық шешіледі.
«Құрылыстың екінші кезеңі тамыз айында аяқталады, бұл алдағы 3-4 жылға қажетті қосымша су беру қуатын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекенінде ССС қуатын кеңейту бойынша жобалау жұмысы аяқталып қалды. Бұл жобалар алдағы уақытта Астананы ауыз сумен қамтамасыз етуге қажет қосымша қуат береді», — делінген әкім жазбасында.
Қорыта келе, сала ғалымдары суды қажеттілікке байланысты орынды қолданғанда тұщы су қорын 40%-ға үнемдеуге болатынын айтады. Тіпті, қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан аса адам таза ауызсуға зәру. Дегенмен тоқтаусыз ағып тұрған суды көрген жұртшылық келешектің қамын ойлауды ұмытқандай. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмайтынымыз анық.