БастыМәдениет

Қазақстанда түркі елдері фотосуретшілерінің халықаралық көрмесі өтті

Ақтауда түркі елдері фотосуретшілерінің халықаралық көрме-фестивалінің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты El.kz интернет порталына сілтеме беріп.

Фестивальге 11 елден келген 14 кәсіби фотосуретші қатысқан. Фотоэкспедиция барысында түсірілген үздік жұмыстардан арнайы көрме жасақталып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Аталған көрмені бір ай бойы Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханасына барып тамашалауға болады. Фестивальдің басты мақсаты — фотосурет өнері арқылы Маңғыстаудың көркем табиғатын, тұрмыс-салтын, ұлттық болмысын және түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын паш ету. Ауқымды мәдени шараны Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы ұйымдастырды.

Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры Ақмарал Зейілова халықаралық шараның маңызына тоқталды.

Фестивальге Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Мажарстан, Солтүстік Кипр, Башқұртстан (РФ), Кабардин-Балқар (РФ), Қырымнан келген 14 кәсіби фотосуретші қатысты. 14-17 қыркүйек аралығында төрт күнге жалғасқан фотоэкспедиция барысында фотосуретшілер Торыш – Шайыр ауылы – Көкала — Шерқала – Айрақты — Жаңаөзен қаласы – Бозжырашатқалы – Шопан ата жерасты мешіті — Сенек – Қызылқүп – Боқты – Көгілдір айлақ — Ақтау қаласы бағыты бойынша өңірдің көрікті жерлерін объективіне түсіріп, құнды фотоматериалдар жинақтады, — деді Ақмарал Зейілова.

Экспедиция кезінде қатысушылар Маңғыстау табиғи ландшафтын, еңбек адамдарының күнделікті өмірін суретке түсірді. Бұл шығармашылық үшін ғана емес, мәдени алмасу мен кәсіби тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берген ерекше сапар болды дейді қатысушылар. Соның бірі фотосуретші Тимофей Старовойтов көрме-фестивальдан алған әсерімен бөлісті.

Маңғыстауда қанша жыл тұрсам да, көрікті жерлерін араламадым. Аталған фестиваль осы олқылықтың орнын толтырды. Көрме-фестиваль фотоөнермен айналысатын шығармашыл жандардың әлеуетін арттыруға, олардың еңбегіне қоғам назарын аударуға, сонымен қатар түркі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға елеулі үлес қосты. Шара шығармашыл ортаға жаңа серпін берді, — деді Тимофей Старовойтов.

Фестиваль соңында қатысушыларға ТҮРКСОЙ ұйымы мен Маңғыстау облысы әкімінің атынан алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табысталды.

TuraNews

Back to top button