Қазақстанда суперкомьютер жасау қай сатыда
Суперкомьютер – бұл өте қысқа мерзімде көп көлемдегі деректерді өңдей алатын жоғары өнімді есептеу қуаты. ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Қазақстанға өзінің суперкомпьютері неліктен қажет екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, жасанды интеллекттің кез келген өнімін жасау үшін адами капитал, яғни бағдарламашылар, деректер (ал Қазақстанда цифрландыру өте жоғары деңгейде) және есептеу қуаты қажет.
«Бұл қуаттар Қазақстанға не үшін қажет? Біріншіден, елімізде экономиканың барлық саласында, мемлекеттік органдарда ЖИ технологияларын енгізу міндеті тұр. Өкінішке орай, мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда шетелдік серверлерге жүктеуге болмайтын көптеген сезімтал дерек бар. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанға өзінің қуаты қажет. Сондай-ақ суперкомпьютер цифрлық егемендік, басқа елдерге тәуелді болмауға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Ол суперкомьютер кластерін құру экспорттық лицензия сатысында екенін айтты. АҚШ үкіметі бұл технологияны қатаң реттегеніне қарамастан, Қазақстан көп ұзамай лицензия алып, жабдықты елге әкеледі деген үміт бар.
Ғиззат Байтұрсынов «Industrial AI Accelerator» жобасына да тоқталып өтті. Бұл – экономиканың негізгі салаларына ЖИ шешімдерін енгізуге бағытталған акселерациялық бағдарлама. Оны іске асырудың бірінші толқыны тау-кен өнеркәсібін, энергетика және мұнай өндіру саласын, медициналық технологияларды, қаржы технологияларын, мемлекеттік технологияларды қамтыды. Нәтижесінде қатысушы компаниялардан 116 өтінім келіп түсті, 32 компания іріктеуден өтті және акселерация бағдарламасын сәтті аяқтады, 3 айда түрлі салада 27 пилоттық жоба іске қосылды.