Қазақстанда қуаттылығы жылына 155 мың тонна қызанақ өсіретін жылыжай кешенін салу жөнінде инвестициялық келісім жасалды
Бүгін Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, түрік «Аlarko Holding» компаниясы өкілдері, Шымкент қаласының әкімдігі арасында «Alsera KZ» ЖШС-мен инвестиция тарту туралы келісімге қол қойылды. Бұл «Қазақстанда жылыжай кешенін салу және пайдалану» жобасы аясында жүзеге асып отыр.
Келіссөздерге сондай-ақ Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің және «Қазақ Инвест» ҰК өкілдері қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Түркия Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешендегі негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. Бүгінге дейін өнімді қайта өңдеу және озық технологияларды енгізу бойынша бірқатар ірі бірлескен жобалар іске асырылды. Түрік компаниялары астық өңдеуге, ет-сүт өнеркәсібіне, жылыжай шаруашылығын дамытуға және суару жүйесіне белсенді инвестиция салуда.
Бүгін «Alsera KZ» компаниясымен инвестициялық келісімге қол қойдық. Келісімде көзделген ұзақмерзімді міндеттемелер жобаның 25 жылға тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Түрік инвесторымен, «Alarko Holding» бас компаниясымен бірлескен жұмысты ҚР АШМ 2023 жылғы тамызда өзара Ынтымақтастық туралы Меморандумға және Жол картасына қол қоюмен бастаған еді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімдігі мен компания арасында меморандумға қол қойылды.
Келісімшарт Шымкентте жылыжай кешенін салу және пайдалану жөніндегі жобаны іске асыруда өзара іс-қимылды көздейді.
Кешен жылына 155 мың тонна қызанақ өсіруге қауқарлы. Жобаны іске асыру екі кезеңнен тұрады және жоспар бойынша 2028 жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 5000-ға дейін жұмыс орны құрылады.
Жобаның жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайды. Қаржы 100 пайыз шетелдік инвестор есебінен.
Мемлекет тарапынан салықтық преференциялар мен қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы инвесторларға жан-жақты қолдау шаралары қарастырылады.
Сондай-ақ, министр жобаның әлеуметтік бағытын атап өтті. Инвестор әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды, балалар алаңдарын, балабақшаларды салуды, аумақтарды көгалдандыруды бастауды жоспарлап отыр.
«Бұл жоба тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болады. Сонымен қатар АӨК-ке одан әрі инвестиция тарту үшін жаңа көкжиектер ашуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық – тәжірибе алмасу, технологиялар мен аграрлық саладағы тауар айналымын ұлғайтуға жол ашады. Бірлескен күш-жігер екі елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететініне сенім мол», – деп атап өтті министр.