Экономика

Қазақстанда көмірді тұтыну көлемі артып келеді

Елімізде биыл тұтынылған көмір көлемі 2021 жылғыдан 5,7%-ға артық, деп Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биылғы жылыту маусымында ішкі нарыққа арналған коммуналды-тұрмыстық мақсаттағы көмірді үздіксіз жеткізіп, өндіруші компанияларды теміржол көлігімен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жұмыс атқарды.

Мәселен, министрліктің бастамасымен жылыту маусымын өткізу бойынша штаб құрылып, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, көмір өндіруші компаниялардың, сондай-ақ Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының өкілдері кірді.

Аталған штаб халықты коммуналды-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету, өндіруші компанияларға теміржол вагондарын уақытылы жеткізуді бақылау, сонымен бірге магистралды теміржол желілерінің өткізу қабілетін кеңейту бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп отырды. Оның нәтижесінде ішкі нарықта қатты отынның тапшылығы байқалған жоқ.

Биылғы жылу беру кезеңінде халық пен энергия өндіретін компаниялардың тарапынан көмірге деген сұраныс әдеттегіден әлдеқайда жоғары болды. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес елімізде отынның осы түрін тұтыну көлемі 81,4 млн тоннаға жетіп, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Бұған қоса былтыр халықтың коммуналды-тұрмыстық қажеттілігіне арналған 11,03 млн тонна көмір жеткізіліп, 2021 жылға қарағанда оның 3,1%-ға артық болғаны байқалды.

Көмірге сұраныстың артуы күн райының қолайсыздығымен, өңірлердегі газдың шектеулі көлемімен (әсіресе Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарында), сондай-ақ республика аумағындағы энергия тұтыну деңгейінің ұлғаюымен байланысты болды. Сол секілді ішкі нарыққа арналған көмірдің сыртқа шығарылып, қайта сатылуы жағдайды біраз қиындатты.

TuraNews

Back to top button