Елімізде автокөлік саны бір жыл ішінде 8,4 пайызға көбейіп, биыл сәуірдің соңында 4,1 млн-ға жетті, деп жазады Ranking.kz-ге сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Аталмыш порталдың мәліметінше, өсім барлық жыл санаттары бойынша байқалады. Дегенмен, шыққанына 3 жыл болмаған көліктердің елеулі өсімі тіркеліп отыр. Олардың саны бірден 31,1 пайызға артқан. Сонымен қатар әне-міне ескі көліктер санатына кірейін деп тұрған 10-20 жылдық көліктер саны да 13,5 пайызға көбейген.
Елімізде ескі көліктер әлі көп. Шығарылғанына 20 жылдан асқан автокөліктердің саны бір жылда 4 пайызға артып, 2 млн-ға жуықтады, алайда олардың үлесі 50,3 пайыздан 48,3 пайызға дейін төмендеді.
20 жылдан асқан ескі автокөліктердің ең көп саны Алматы облысында тіркелген: 317,7 мың, одан кейін Алматы қаласы (180,9 мың) және Қарағанды облысы (157,6 мың) тұр.
Бұл ретте, пайыздық үлес бойынша ескі көліктер ең көп өңірлер — Жамбыл (69,6%), Алматы (64,9%) және Оңтүстік Қазақстан (66,6%) облыстары. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстанда тіркелген көліктер саны 148,7 мың болса, оның 99,1 мыңы — ескі.
Ескі көліктердің бағасы бесінші ай қатарынан төмендеп келеді. Нәтижесінде, 2023 жылдың маусымында жүрілген жеңіл автокөліктер былтырғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда бір айда 1,3 және бір жылда 5,2 пайызға арзандады.