БастыҚоғамМәдениет

Қазақстанда бүгін «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» күні

15 сәуір – Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күні

Бұл күн ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да негізделмеген. Аталмыш мерекені көбіне мектеп, колледж сияқты білім шаңырақтары атап өтеді. Елімізде бұрын ғашықтар күнін көпшілік 14 ақпандағы «Әулие Валентин» күнімен байланыстыратын. Десе де, соңғы жылдары ғашықтар мерекесін «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» күнінде тойлап кең тарап келеді. Өткенге көз жүгіртсек, бұл күнді атап өту осыдан 20 жыл бұрын басталған деген деректер бар.

«Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» — Бұл екі ғашық шамамен 12-13 ғасырларда ғұмыр кешкен. Сарыбай мен Қарабайдың төл перзенттері. Аң аулап жүріп құдаласқан бұл екеуі ұл-қыздарының кейінірек махаббат жолында түрлі қиыншылықтарға ұрынатына куә болады. Дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осымен құнды.

Жырдағы Көрпештің Баянға арнап айтқан мына сөздерін оқыған кім-кімнің де жүрегі тебіренері хақ:

Дүниеде ғашық қатты екен,

Көңілді бұған бұрғызды.

Бере ме тәңірім, бермей ме

Ынтық болған бір қызды?

Қосылғанша мен оған

Ішіме қайғы толғызды…

Әлкей Марғұлан «Мәңгілік жыр» деп атаған бұл жыр қазақ халқының төбеге көтерер мақтанышы, қос жүректің ұраны іспетті.

Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, осы екі жүрек иелерінің атына күн белгілеп, махаббатты дәріптеуді ұсынып, бастама көтерген Дархан Мыңбай атты Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ел ағасы. Мереке халық арасында 1999 жылдан бері тойланып келеді.

Махаббат — дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімі болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті.

TuraNews

Back to top button