Экономика

Қазақстанда ауылдар мен қалалар арасындағы диспропорция мүмкіндігінше азайтылады

Осылайша, 2027 жылға қарай бұрын орташа санатты болып келген барлық ауылдар қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар болады. Бұл туралы Мәжілісте өткен жиын барысында Ұлттық экономика министрі мәлім етті. Әлібек Қуантыров республиканың елді мекендері үшін өңірлік стандарттардың жаңартылған жүйесін таныстырды. Жүйені дамыту жұмыстары былтыр бір жыл бойы жүргізілді. Құжатта халыққа қажетті нысандар мен қызметтердің минималды және нақты тізімі көрсетілген.

«Жаңа жүйе тыныс-тіршіліктің әлеуметтік, инженерлік-көліктік, экологиялық және тұрмыстық салаларында 12 бағыт бойынша құрылымдалғанын слайдтан көруге болады. Елді мекендер республикалық және облыстық, сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалар және аудан орталықтары, ауылдық округтердің орталықтары, тірек ауылдық елді мекендер және басқа да ауылдық елді мекендер сияқты 5 санат бойынша топтастырылған. Сондай-ақ елді мекендердің әрбір типі бойынша жүйенің нысандар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілгенін алдында атап өткен болатынмын.»— деп айтты Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі.

Министрдің айтуынша, бүгінде еліміз аймақтарды дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Нысаналы трансферттерден қомақты қаражат та бөлінуде. Мәселен, 2023-2025 жылдарға өңірлерді дамытуға 4,5 трлн. теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ республиканың 14 облыс орталығында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту көзделген. Жалпы құны 42 млрд теңгеден асатын 67 бюджеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сонымен қатар «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында елді-мекендердің өмір сүру сапасын жақсартуға 200 млрд-қа жуық қаражат бағытталды.

TuraNews

Back to top button