Қазақстанда арнаулы салық режимдері оңтайландырылды

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер аясында 2026 жылдан бастап арнаулы салық режимдерінің құрылымы жаңартылып, олардың саны үш негізгі түрге дейін қысқартылды. Бұл реформаның басты мақсаты – салық жүйесін жеңілдету, әкімшілік жүктемені азайту және шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау.
Жаңа құрылым бойынша арнаулы салық режимдерінің үш түрі белгіленді:
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар үшін арнаулы салық режимі;
2. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өз еңбегімен табыс табатын азаматтарға арналған. Олар айына 300 АЕК-тен аспайтын табыс көлемінде қызмет көрсете алады және табысының 4 пайызын ғана төлейді. Бұл төлемге әлеуметтік жарналар кіреді, ал салық есептілігі мобильді қосымша арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
Оңайлатылған декларация негізіндегі режим шағын және орта бизнеске бағытталған. Бір жылдық табыс шегі 600 000 АЕК (шамамен 2,5 млрд теңге), ал салық мөлшерлемесі табыстың 4 пайызы мөлшерінде белгіленген. Бұл режим кәсіпкерлерге бухгалтерлік есепті азайтып, салық төлеу тәртібін жеңілдетеді.
Шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим ауыл шаруашылығы саласының ерекшеліктерін ескеріп әзірленген. Салық айналымның 0,5 пайызы мөлшерінде есептеледі, ал фермерлер ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатылады.
Жаңа салық режимдері цифрлық форматқа көшу, есептілікті қысқарту және бизнестің көлеңкелі айналымын азайту мақсатында енгізіліп отыр.
Қорытындылай келе, арнаулы салық режимдерін оңтайландыру – мемлекет пен кәсіпкер арасындағы өзара тиімді серіктестіктің жаңа кезеңін бастайды. Реформа салық төлеушілер үшін қолайлы жағдай туғызып, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етпек.



