Қазақстанда алғаш рет әуе шарлары фестивалі өтті
Қазақстанда алғаш рет «Мың бояулы аспан» әуе шарлары фестивалі өтті. Қонаев қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар 30 шарды аспанға ұшырып, жарқын да әсерлі шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Халықаралық шарлар фестивалін ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу, экологиялық таза, яғни қайта өңдеуге болатын ыдыс-аяқтар мен басқа да экоматериалдарды пайдалану арқылы табиғатқа және оның ресурстарына құрметпен қарауды насихаттау.
«Облыста туризмді ілгерілету және дамыту оқиғалы туризмге негізделген. Осыған орай, бүгінгі «Konayev international balloon fest» шар фестивалінің іс-шарасы біздің өңіріміздегі айтулы оқиға болмақ, бұл – біздің қонақтарымыз үшін табиғаттың сұлулығын тамашалауға тамаша мүмкіндік. Мұнда бір-бірімен танысуға, достық қарым-қатынас орнатуға және ұмытылмас әсер алуға болады. Бүгін таңғы сағат 5-тен бастап фестивальге жиналған көрермендер осындай сұлулықты тамашалауға шабыттанды, тіпті сағат 7-ге таман шарлармен биіктікке шығуға ниет білдіргендердің ұзын кезегі пайда болды. Демек, осы арқылы біз оқиғалы туризмнің жұмыс істей бастағанын көрсетеміз.
Бұл шараға 6 ай бойы дайындалдық, талдай келе, Қазақстанда шарларға арналған іс-шаралар болмағанын көрдік. Әлеуметтік желі қолданушылары «Қонаев тұрғанда Каппадокияға барудың қажеті жоқ» деп жазып жатыр», — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, Өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттау мақсатында «Тенгри ультра» халықаралық Ұлы дала марафоны, халықаралық Іле-Балқаш регатасы өткізілді, «BBC News» халықаралық телеарнасында (450 миллион аудитория) өңірдің әсем де бай табиғаты туралы жарнамалық науқан басталды.