Қазақстан Тәжікстанға бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын. Бұл туралы Қазақстан-Тәжістан бизнес форумында Премьер-Министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Биылдың өзінде маусымаралық кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға әлеуметтік маңызы бар агроөнімдерді жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл біздің өзара іс-қимылмыздың шегі емес екеніне сенімдімін. Менің тапсырмам бойынша жыл басынан бері қазақстандық бизнес өкілдері бар бірнеше делегация Тәжікстанға барып үлгерді. Тәжікстанға жылы қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз өз тарапымыздан күнбағыс майы, бидай және ұн экспортын арттыруға дайынбыз. Форум алаңында тиісті коммерциялық уағдаластықтарға қол қойылады», — деді Серік Жұманғарин.
Оның дерегінше, екі елдің теміржол тасымалы арқылы экспорттық-импорттық жүктерді тасымалдау көлемі де артып келеді. Мәселен, өткен жылы тасымал көлемі 563 мың тоннаға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 90 мың тоннаға артты.
«Бұған қоса, автокөлікпен тасымалдау да 66 пайызға артып, 288 мың тоннаға жетті», — деді вице-премьер.