«Biz Birgemiz Qazaqstan» қазақстандық қоғамдық қоры селден зардап шеккен қырғызстандықтарға қолдау көрсету үшін 40 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қырғызстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 19 шілде күні таңертең жүк көліктері қазақ-қырғыз шекарасынан өтіп, Ош облысына бет алады. Гуманитарлық көмек құрамында азық-түлік өнімдері – ұн, қант және басқа да өнімдер, ең қажетті тауарлар, сондай-ақ гигиеналық заттар бар.
Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде Ош қаласы мен Ош облысында жойқын сел болып, салдарынан 5 адам қаза тапты. Мады, Датка және Баш-Булак елді мекендерінде 642 тұрғын үй, төрт мектеп, балабақша, екі аурухана, мұражай және медициналық пункт су астында қалды. Ошта 146 тұрғын үй мен балабақша зардап шекті.