Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қамбар ата су электр станциясын салу жоспарына қол қойды
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетика министрлері кеше, 6 қаңтарда Бішкекте Қамбар ата су электр станциясын салу жоспарына қатысты жол картасына қол қойды. Бұл туралы Turanews.kz хабарлайды ҚР энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2023 жылғы 6 қаңтарда Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраев және Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов «Қамбарата ГЭС-1 құрылысы» жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды.
Қол қойылған Жол картасы шеңберінде тараптар жобаны іске асырудың негізгі шарттары туралы уағдаласты және электр станциясын уақтылы пайдалануға беру үшін алдағы қадамдарды белгіледі.
Қазақстанның жобаға қатысуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы мамырда Қырғызстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылады.
Қамбарата ГЭС-1 Қырғызстандағы ең ірі электр станциясы болмақ. Бұл Орталық Азия елдерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге және өңірдің сумен қамтамасыз етілуін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.» — денілген хабарламада