Қазақстан Президенті Бішкектегі мектеп-гимназиясына автобус сыйлады
Бішкектегі № 33 мектеп-гимназиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан білім ошағына мектеп автобусын сыйға тарту және Мемлекет басшысының қырғыз тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылды.

Шараға Президент әкімшілігі, Парламент, Білім министрлігі, қалалық мэрия өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, дипломатиялық корпус пен Қазақ қауымдастығы мүшелері, сондай-ақ мектеп оқушылары мен педагогикалық ұжым қатысты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев өз сөзінде ерлік тарихы бар оқу орнында өткен салтанатты іс-шараның символдық мәніне тоқталды.
— Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осы мектептің халықтарымыздың ортақ тарихына қосқан үлесін терең құрметпен еске аламыз. 1940 жылы негізі қаланған оқу орны бүгінде қалалық маңызы бар тарихи ескерткіш саналады. Сол кездегі соғыс жылдарында мектепте Фрунзе жаяу әскер училищесі болды. Курсанттардың бірінші тобында Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстаннан әскерге шақырылғандар болды. Мектеп автобусы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан әкесі оқыған мектепке құрмет белгісі ретінде сыйға тартылды. Бұл автобус өскелең ұрпаққа қамқорлықтың, білімді қолдаудың және лайықты болашаққа сенімнің белгісі, — деді Елші.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасы Алматыдағы Сәтбаев университетінде № 33 Бішкек мектеп-гимназиясының түлектеріне жатақханада тұру мүмкіндігімен үш тегін білім беру квотасын ұсынатынын хабарлады.
Қалалық № 33 мектеп-гимназиясының директоры Таалайкүл Ашымова ризашылығын білдіріп, бұл сыйлық ата-баба рухына құрмет ретінде қабылданады деген пікірін айтты.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа № 33 мектеп-гимназиясының барша оқушысының, ата-аналар мен ұстаздар қауымының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Сыйға берілген мектеп автобусы оқушыларға үлкен қуаныш сыйлап, жаңа білімге, қуанышты әсерлер мен жаңалықтарға жол ашады. Атап айтқанда, бұл іс-шара ата-бабаларымыз бен Екінші дүниежүзілік соғыстың барлық қатысушыларын еске алуға арналған, бауырлас Қырғызстан мен Қазақстан халықтарының тарихына құрмет деп санаймын, — деді мектеп директоры.
Мұнымен қоса, іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының қырғыз тіліне аударылған («Атам жөнүндө баян») нұсқасы таныстырылды. Осы орайда Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа кітаптың естелік нұсқасын салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті.
Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев түлектері қазақтың біртуар тұлғалары Рақымжан Қошқарбаев пен Кемел Тоқаев және басқа да атақты батырлар болған білім ошағында өтіп жатқан шараның маңыздылығын атап өтті.
— Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы автордың отбасы тағдырына арналған, әкесінің еңсерген қиын жылдарын суреттейді. Онда 1933 жылы Қырғызстанда болған оқиғаға қатысты көптеген мәліметтер бар. Қырғыз жұртшылығы үшін Қ.Тоқаевтың өмірімен жақынырақ танысу қызығушылық тудырады, сондықтан кітапты қырғыз тіліне Чынара Океева аударған. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына тілектеспін, — деді ол.
Кітаптың қырғыз тіліне аудармасының автор Чынара Океева «Әке туралы ой-толғау» кітабы бірнеше себептерге байланысты оны қатты толқытып, қызықтырғанын мойындады.
— Мен бұл шығармамен өз әкемнің қазасына байланысты терең қайғыру кезеңінде таныс болдым. Сондықтан жоғары лауазымды (Қасым-Жомарт Тоқаевтың) саясаткердің әкесі туралы естеліктеріне арналған кітабын оқу маған қызық болды. Екі халықтың қиын жылдардағы ортақ тарихы баяндалған тұстары маған қатты әсер етті. Отбасының әрбір мүшесіне деген зор сүйіспеншілікке толы кітап оқырманды сол кезеңдегі отбасы институтымен егжей-тегжейлі таныстырады, — деді Ч. Океева.