Қазақстан мен Тәжікстан арасында тауар айналымы $1,4 млрд жетті
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық қатынасты күшейту мәселесі талқыланды, деп жазады Turanews.kz.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Тәжікстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі Завки Завкизодамен кездесті.
Кездесу барысында Ә.Қуантыров Орталық Азия елдерінің экономикалық форумына қатысуға шақыру алғаны үшін алғыс айтты.
Аталған форум 14-15 қыркүйекте Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті шеңберінде өткізіледі.
«Осындай форумдар елдеріміздің экономикасы мен өзара сауданың дамуына оң әсерін тигізетін жақсы диалог алаңы болатынына сенімдімін. Екі елдің қарым-қатынасы берік бауырластық байланыстар рухында құрылған», — деді Ә.Қуантыров.
Өз кезегінде, З.Завкизода екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың оң өсімін атап өтті.
«Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз достық пен сенімге негізделген биік деңгейде. Соның нәтижесінде, Қазақстан Тәжікстанның екінші ең ірі сауда әріптесі болып табылады», — деді ол.
Тараптар 2023-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын іске асыру мәселесін талқылай келе, сауда ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға уағдаласты.
2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 18,5%-ға жоғары.