Саясат

Қазақстан мен Ресей президенттері Кремльде «үштік газ одағын» құру мәселесін талқылады

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин, Ресей-Қазақстан-Өзбекстан үшжақты газ одағын құру мәселесін талқылаған.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президенттің Мәскеуге сапарында талқыланған мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының Мәскеуге жасаған сапарына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан сұрақтар келіп түсіп жатыр. Осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмысын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін «үштік газ одағын» құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүддесін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды», — деп жазды Руслан Желдібай Facebook парақшасында.

Source
TRT Avaz

TuraNews

Back to top button