БастыҚоғамМәдениетСаясатСпортТехнологияЭкономика

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Келіссөз алдында Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.

– Қазақстан халқы Сіздің бүгінгі сапарыңызға үлкен мән беріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстар жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттарға қол қоямыз. Сондықтан бұл сапардың жөні бөлек, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды.

– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырды.

Президенттер қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келе жатқанын атап өтті.

TuraNews

Back to top button