Туризм

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе рейстер саны 2,5 есеге өсті

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның авиациялық билік органдарының келіссөздері өтті. Бұл туралы Turanews.kz Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Келіссөздер барысында тараптар рейстер санын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту мәселелерін талқылады.

Тараптар Астана – Ташкент бағыттары бойынша рұқсат етілген рейстер санын аптасына 12–ден 36 рейске дейін (өсім 80%) және Алматы-Ташкент бағыттары бойынша аптасына 20-дан 36 рейске дейін (өсім 200%), ал қалған бағыттар бойынша аптасына 4 рейске дейін екі еседен астам ұлғайтуға уағдаласты.
Осылайша, қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде ағымдағы жылдың көктемгі-жазғы кезеңінен бастап «Эйр Астана» және «Uzbekistan Airways» әуе компаниялары Алматы – Ташкент бағыты бойынша жиіліктер санын аптасына 14–тен 20 рейске дейін және Астана-Ташкент бағыты бойынша аптасына 6-дан 12 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ бәсекелестікті және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ авиабилеттердің құнын төмендету мақсатында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барлық шарттық бағыттар бойынша әуе тасымалдаушыларды бірнеше рет тағайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар, қазақстандық әуе тасымалдаушылар Самарқанд, Ферғана, Бұхара және Қарши қалаларына тікелей тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, тараптар ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

TuraNews

Back to top button