Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың болашағы өте зор. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқарды. Парламентаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. 50-ден астам келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Иранның халықаралық беделі зор мемлекет екенін атап өтті.
— Әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті күшейіп келеді. Сіздің және ел басшылығының қажырлы еңбегі мен салиқалы саясатының арқасында мемлекеттеріңіз елеулі табыстарға қол жеткізді. Біз Иранның өркендей беруіне тілектеспіз. Еліңіздің жоғары көсемі, аса мәртебелі аятолла Әли Хаменейге менің сәлемімді жеткізуді сұраймын. Тегерандағы кездесуімізді жылы сезіммен еске аламын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың болашағы өте зор екенін баса айтты.
— Сауда-экономика саласындағы ықпалдастықтың орны ерекше. Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен, сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Бұл мәселе бойынша жаңа ғана біз пікір алмастық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар саласындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, — деді Президент.
Бұдан бұрын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік.



