
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропалық одақ Өкілдігінің басшысы Алешка Симкичті қабылдады, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ «Орталық Азия + ЕО» форматындағы өңірлік өзара байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Министр саяси диалогтың жоғары деңгейін және екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты серпінін атап өтіп, он жыл бұрын қол қойылған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді дәйекті түрде іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, көлік-логистика дәліздерін дамыту, «жасыл» трансформация, цифрландыру және Қазақстанның іскерлік ортасын жақсарту бағыттары талқыланды.
А.Симкич Қазақстан мен ЕО арасындағы терең және орнықты қатынастарды жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықтың сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ Еуропалық одақ Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырып, еліміздің орнықты дамуы мүддесінде ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуға және алдағы өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралар шеңберінде сындарлы диалогты жалғастыруға ниетті екенін растады.



