Саясат

Қазақстан мен Еуроодақ өзара ықпалдастықты жоғары бағалап, 2025 жылы ынтымақтастықты жандандыруды жоспарлап отыр

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында тараптар биылғы жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жоғары серпінмен дамығанын атап өтті. Жиі әрі жоғары деңгейдегі байланыстардың орнауы, сондай-ақ сауда айналымы мен инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай артуы оң бағаланды. Әңгіме барысында қос тарап өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасып, 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар күнтізбесін талқылады.

Роман Василенко Қазақстан мен ЕО және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді толыққанды және тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы өзара әрекеттестікті дамытудың өзектілігіне тоқталды.

Тараптар көлік және логистика, стратегиялық маңызды шикізат көздері, климат және жасыл энергетика сынды перспективалы салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне басымдық берді.

Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының дамуы, соның ішінде Орта дәліз бойынша үйлестіру платформасының іске қосылуы жағымды нәтижелер ретінде көрсетілді. Сонымен қатар, 2025–2026 жылдарға арналған Стратегиялық әріптестік жөніндегі Жол картасына қол қою ниеті құпталды.

Роман Василенко Астана мен Брюссель арасындағы визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздерді мүмкіндігінше ертерек бастау қажеттігін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан мен ЕО арасындағы Көлденең авиация келісіміне қол қоюға дайындық барысы да айтылып, оның іскерлік және азаматтар арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні аталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынын жоғары бағалап, өзара мүдделі мәселелер бойынша өзара іс-қимылды арттыруға уағдаласты.

Айта кетейік, Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі.

2024 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында екіжақты сауда айналымы 41,2 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артты (Қазақстан экспорты – 32,6 миллиард доллар, импорты – 8,6 миллиард доллар). 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,5%-ға өсіп, 41,4 миллиард долларды құрады.

2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялар көлемі 180 миллиард АҚШ долларынан асты.

Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

TuraNews

Back to top button