Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты, деп хабаралйды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Президент.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңіл толатынын айтқым келеді. Бүгін атап өткеніміздей, тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын. Экономикалық әлеуетіміз толық пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізетінімізге сенімдімін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, IT, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда айтарлықтар резервтер бар», – деді Мемлекет басшысы.
«Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзербайжан Президентімен бірге көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ашамыз. Бұл игі шара әзербайжан халқының біртуар перзентінің жүз жылдығына орай өткізіліп отыр. Елдеріміздің шынайы достығы мен өзара қолдауының тағы бір айқын дәлелі – қазақ халқының Әзербайжанға тартуы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жөнінде маған мәлімдеді. Осы маңызды нысанның іске қосылуын жуық арада көре аламыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық байланыстарды жан-жақты дамытып, ортақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.