БастыТуризм
Trending

Қазақстан мен Әзербайжан өңірдің туристік картасын кеңейтіп жатыр

Әзербайжанның Губа қаласында екі елдің мемлекеттік органдары, туристік компаниялары мен бизнес өкілдерінің басын қосқан II Қазақстан-Әзербайжан туристік форумы өтті.

Үш күнге созылған шараға Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Губа қаласынан Милли Меджлис депутаты Алибала Махаррамзаде, Әзербайжанның Мемлекеттік туризм агенттігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері және екі елдің 56 туристік компаниясының өкілдері қатысты, деп жазады Kazinform.

Өзінің құттықтау сөзінде елші Әлім Байел бауырлас екі ел арасындағы туристік ағынның артқанын атап өтті.

— Қазақстан үлесіне Әзербайжанға Орталық Азиядан келетін барлық туристтің шамамен 50 пайызы тиіп отыр. Қазақстан Әзербайжанға келетін туристер саны бойынша Ресей, Түркия, Үндістан, Иран және Грузиядан кейін 6-шы орында. Әзербайжан қазақстандықтарды Бакудің сұлулығымен, көркем табиғатымен, мәдени және тілдік жақындығымен, сондай-ақ тұрақты тікелей рейстердің болуымен қызықтырады, — деді дипломат.

Әлім Байел Қазақстан-Әзербайжан инвестициясын тарта отырып, Қазақстандағы Алакөл көлінің жағасында жоспарланған сауықтыру кешенінің құрылысының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, заманауи кешеннің құрылысы екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығындағы маңызды оқиға болмақ.

Депутат Алибала Магеррамзаде Қазақстаннан Әзербайжанға ғана емес, керісінше, кері бағытта да туристер ағынын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Парламент депутаты екі ұлтты жақындастыруда, бір-бірінің мәдениеті мен салт-дәстүрін зерделеуде туризм саласы маңызды рөл атқаратынына сенімді.

Қатысушыларды Әзербайжанның Мемлекеттік туризм агенттігі, екі елдің туристік компаниялары мен Air Astana әуе компаниясы өкілдерінің презентациялары ерекше қызықтырды. Олар Қазақстан мен Әзербайжанның табиғи сұлулығына, мәдени мұрасына және көрікті жерлеріне назар аудара отырып, жаңа туристік пакеттерді, маршруттар мен бағыттарды ұсынды.

Іс-шара аясында В2В форматындағы кездесулер, сондай-ақ қазақстандық қонақтарға Губа аймағының туристік әлеуеті көрсетілген таныстыру сапарлары өтті.

Форум екі елдің туристік ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары мүдделілігін растады және өзара туристік ағынды ұлғайту және Қазақстан мен Әзербайжанды аймақтағы саяхатшылар үшін тартымды ететін жаңа бірлескен жобалар үшін мүмкіндіктер ашты.

TuraNews

Back to top button