Қазақстан мен Әзербайжан – ежелден энергетикалық әріптестер
Әзербайжан өзін Оңтүстік Кавказдың жетекші экономикасы деп білсе, Қазақстан өзін Орталық Азияның жетекші экономикасы деп есептейді. Әлемде тербелмелі жағдай қалыптасып, жаһандық және ұлттық логистикалар бұзылып жатқан шақта қос елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығының әлеуеті артып отыр. ҚазАқпарат тілшісі бұл ынтымақтың ертеңі қандай деген сауалға жауап іздеп көрді.
Бұғауланып келген әлеует
Екі елдің энергетикалық ынтымақтастығы дегенде ойға бірден мұнай-газ саласы оралады. Каспийді айнала қоршап тұрған бұл мемлекеттердің әріптестігін Әзербайжанда теңіз жағалауы инфрақұрылымының жақсы дамығаны және теңізден мұнай барлау ісінің жолға қойылғаны тартымды ете түседі. Сондай-ақ, Қазақстанның өз порттарын дамытуға инвестиция салсам деген ұмтылысы да екіжақты байланыстың әлеуетін арттырады. Әзербайжан сарапшылары екі елдің арасына құбыр жалғап, өнімді су көлігімен тасымалдағаннан қазір қолға алған жобалар аясында селбесіп әрекет еткен тиімді деп есептейді.
КСРО заманында тұтас Каспий алабын зерттеу әзербайжандық мұнайшыларға жүктелді. Сол кезде жиналған тәжірибе қазір Қазақстанға қажет. Осыны ескерген Қазақстан SOCAR мемлекеттік холдингін Каспийдің өз жағындағы жағалауларын 15 мың метр тереңдікке дейін барлауға бағытталған «Еуразия» жобасына тартып отыр. Сол совет заманында Қазақстан мұнайшыларына өндіріс техникасы мен қондырғыларды Әзербайжан дайындайтын. Бұл байланысты енді қос мемлекет дербес елдер ретінде дамытпақшы.
Совет одағы ыдырай қалған кезде Қазақстанның мұнай кен орындарында жұмыс істейтін бірқатар операциялық компаниялар Әзербайжанның транзиттік әлеуетін пайдаланып бастаған болатын. Әсіресе 2006 жылы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры іске қосылғаннан кейін бұл бағытта үлкен әлеует пайда болды.
Мұнай зерттеу тәуелсіз орталығының басшысы Ильхам Шабанның пікірінше, дәл осы транзитті тереңдетуге таптырмайтын ұрымтал сәт туып тұр. Әзербайжан 2008-2016 жылдары «Теңіз» кен орнынан алынатын қазақстандық мұнайдың бір бөлігіне транзит ұсынып келді. Бұл ретте «Баку-Тбилиси-Джейхан» жобасы арқылы жылына 2 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай тасымалданып келді.
Алайда, 2017 жылдан бастап «Теңізден» алынатын бүкіл мұнай Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатын болды. Осылайша «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытына «Солтүстік Бозашы» кен орнынан алынатын қазақстандық мұнай жөнелтілетін болып қалды. 2017 жылы бұл бағытпен 180 мың тонна тасымалданды. Бірақ бұдан кейін кідіріс болып, тек 2020 жылдан бастап жыл сайын 100 мың тонна мұнай тасымалдана бастады. Былтыр транзит көлемі бірден 200 мың тоннаға жетті.
Әзербайжанның отын-энергетикалық кешенін бақылап отырған сарапшы топтар «Баку-Тбилиси-Джейхан» жобасының, «Баку-Супса» мұнай құбырының және теміржол мүмкіндіктерін толық пайдаланса, Баку арқылы Қазақстаннан жылына 8-10 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға болады деп есептейді.
Бұл ретте «Баку-Тбилиси-Джейхан» жобасы бойынша Қазақстаннан жылына 1,5 млн тоннадан аспайтын күкіртті мұнайды айдау оңтайлы. Өйткені Еуропа нарығында бұл тауарды сонша көлемде ғана сатудың мүмкіндігі бар көрінеді.
«BTC Blend маркалы мұнайды Azeri Light маркасымен араластырып жөнелтудің өз тәуекелдері бар. Өйткені мөлшерден ауытқу өнімнің сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Біздің Әзербайжандық BTC Blend мұнайын көптеген еуропалық зауыттар біледі және қуана сатып алады. Джейхан портындағы тұтынушыларға жеткізілетін осы мұнай қоспасының сипаттамаларын өзгертпеу маңызды. Кез келген жүк жөнелтуші BTC Blend маркалы мұнайдың сапасына сеніммен қарайды. Бұл мәселе барлық келісімшарттарда, соның ішінде Баку арқылы мұнай транзитіне қызығушылық танытатын Қазақстандағы өндірушілермен де талқылануда», — дейді әзербайжандық мамандар.
Олардың айтуынша, 2023 жылға «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен Қазақстаннан 1,5 млн тоннадан аспайтын мұнай тасымалдау жоспарланған. Бірақ әзірге танкерлердің Абшерон түбегіндегі Әзербайжан порттарына келу кестесі туралы ресми ақпарат жоқ. Әзербайжанның осы стратегиялық мұнай құбыры арқылы 2021 жылы 200,47 млн баррель мұнай тасымалданса, 2022 жылы 224,39 млн баррель мұнай тасымалданды.
Байланыстың жаңа бағыттары
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қараша айында министрлер кабинетіне Каспий теңізі – Ақтау және Құрық порттары арқылы мұнай тасымалдау көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуды тапсырды. Кейінірек Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Әзербайжанмен 2023 жылдың қаңтарынан бастап «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытында Қазақстаннан жылына 1,5 млн тонна мұнай жөнелту туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады. Ол, сондай-ақ, Баку арқылы өтетін транзитті жылына 6-6,5 млн тоннаға дейін ұлғайту пысықталып жатқанын айтты.
«Қазақстан мұнайының экспортын әртараптандыру бағытында арнайы жол картасы әзірленді. Атап айтқанда, бұл бағыт Ақтау порты арқылы Баку портына және сол жерден «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы тасымалдауды көздейді. Сондай-ақ, Грузияда «Баку – Супса» құбыры бар. Ал «Баку-Батуми» портында «ҚазТрансОйл» басқаратын қазақстандық терминал бар. Сонымен қатар Атыраудан Батумиге және Өзбекстанға қарай теміржол бағыты, Қытай бағыты бар. Осы бағыттар арқылы қазір мұнай экспортының әлеуетін кеңейту және ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деген болатын Әлихан Смайылов.
Әзербайжан мұнай сарапшыларының пікірінше, қуаттылығы жылына 5 млн тонна болатын «Баку-Супса» бағыты 2022 жылдың көктемінен бері заңдық себептермен де, коммерциялық себептермен де тоқтап тұр. Ресей-Украина қақтығысына байланысты шикі мұнай тиеген танкерлерді сақтандыру және Қара теңізге жөнелту құны айтарлықтай қымбаттады.
Олар Қазақстан мұнайын Әзербайжан мен Грузия теміржолы арқылы транзиттеу келешегіне келетін болсақ, Қара теңіз порттарына жөнетлітені шикізат көлемі жыл сайын 2 млн тоннадан асуы екіталай дегенді айтады.
SOCAR энергетикалық холдингінің мамандары 2018 жылдан бастап компания Қазақстаннан параксилол мен бензолды Кулевидегі грузин терминалы арқылы әлемдік нарыққа сәтті тасымалдап жатқанын айтады.
Сондай-ақ, 2019-2020 жылдары «Теңіз» кен орнынан Баку арқылы сұйытылған мұнай газы Украина мен Шығыс Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталды. Бірақ Ресей-Украина қақтығысына байланысты бұл тасымалдар тоқтаған.
Қазақстан мұнай қалдықтарын, мазутты қайта өңдеу үшін Бакудегі мұнай өңдеу зауытына беруді жолға қойды. Бірақ Гейдар Әлиев атындағы зауытта жаңғырту басталғандықтан SOCAR Қазақстаннан отынның бұл түрлерін алуды тоқтатты. 2027 жылдан кейін бұл бағыттағы байланыс қайта жалғануы мүмкін.
Сарапшы Ильхам Шабанның пікірінше, Қазақстан мен Әзербайжан операциялық компанияларының қалқымалы бұрғылау қондырғыларының паркін бөлісіп пайдалануына еш кедергі жоқ.
«Мәселен, 2022 жылдың 15 желтоқсанынан бастап әзербайжандық «Деде Горгут» жартылай суасты мұнай бұрғылау қондырғысы Қазақстандағы «Жеңіс» кен орнында «Лукойл» компаниясының тапсырысы бойынша теңіз табанынан 100 м терңдікте алғашқы ұңғыманы бұрғылайды (Бұл тұстаы мұнайдың қоры шамамен 100 млн тонна болуы мүмкін — ред). 2021-2022 жылдары BP компаниясының Swap (Shallow Water Absheron Peninsula) жобасы аясында Әзербайжандағы Абшерон архипелагының таяз тұстарында «Satti» деп аталатын өздігінен көтерілетін қазақстандық қалқымалы бұрғылау қондырғысының көмегімен барлау ұңғымаларын бұрғыланған болатын. Мұндай тәсілдің келешегі зор», — деп есептейді Ильхам Шабан.
Естеріңізге салсақ, 2022 жылғы маусымда «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары «Қаламқас-Теңіз/Хазар» жобасының коммерциялық шарттары аясында қосымша келісімге қол қойған еді.
Транзитке әзірге тыйым жоқ
Қазақстан мен Әзербайжанның энергетикалық ынтымақтастығының тиімділігіне геосаяси жағдай да, Қазақстанның инвестициялық жоспарлары мен мүмкіндіктері де әсер етуі мүмкін.
Әзербайжандағы отын энергетика кешенінің сарапшылары Қазақстан Каспий арқылы шектесіп жатқан елдердің порттары арқылы мұнай тиеп-жөнелту көлемін арттырып, Каспийдегі танкерлер паркін ұлғайтып, Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын кеңейтуге күш салуы керек. Бұл бағыттағы инвестицияның қайтарымы мол болмақ.
«Бұл мақсаттарға миллиондаған долларлық инвестициялар қажет. Ал олардың қайтарымы Қазақстанның энергетикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін, болжап білу мүмкін емес тәуекелдердің қатерін барынша азайтады» — деп есептейді Әзербайжан сарапшылары.
Бұл жағдайда, Қазақстан мұнайының негізгі транзиті бәрі бір Ресей арқылы өтуі ықтимал. Өйткені Каспий құбы консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттауға арналған негізгі мұнай құбыры. Оның үстіне ол бағыт халықаралық санкцияларға ұшырамайды. Қазақстан мұнайын Ресей аумағындағы Балтық порттары арқылы батысқа жөнелтетін тарнзит туралы да осыны айтуға болады.
Қазақстан Үкіметі мен ресейлік «Транснефть» арасындағы жаңа уағдаластықтар бойынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында «Дружба» мұнай құбыры Қазақстан мұнайын Германияның Шведт қаласныдағы мұнай өңдеу зауытына 300 мың тонна шикізат транзиттеу үшін беріледі. Қазақстан 2023 жылы «Дружба» мұнай құбыры арқылы Ресей аумағымен Германияға жыл сайын шамамен 1,2-1,5 млн тонна мұнай айдай алады. Тіпті бұл бағыттың әлеуетін жылына 6-7 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.
2021 жылы Каспий құбыр консорциумы арқылы 67,6 млн тонна Қазақстан мұнайы тасымалданса, 2022 жылы консорциумдағы форс-мажор жағдайларға байланысты бұл көрсеткіш 64,3 млн тонна ғана болды. Бұл құбыр арқылы Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 75%-дан астамы өтеді.
Қазақстанның көздегені
Қазақстан 2024 жылдан бастап «Теңіздегі» мұнай өндірісін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтып, соның есебінен бірнеше жыл ішінде жалпы мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға жеткізуді жсопарлап отыр. Алайда оның іске асуы көп жағдайда Каспий құбыр консорциумындағы жағдайға байланысты болмақ.
Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қараша айында Үкіметке «Атырау – Кеңқияқ» және «Кеңқияқ – Құмкөл» (Қытай бағытында) мұнай құбырларының қуатын арттыру шараларын қабылдауды тапсырды. Дегенмен Қытайдың Ресейдің санкциядағы мұнайын үлкен жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі бар. Яғни, Қытай мұндай жағдайға Қазақстан мұнайына қызығушылық таныта ма, белгісіз. Бірақ бұл жағдай Қазақстанға мұнай экспортының балама бағыттарын іздемеуге кедергі болмауы керек.
Энергетика министрлігі Ақтау мен Құрықта құбыр тасымалы мен айлақ шаруашылығын белсенді дамытып, мұнай ауыстырып тиеу әлеуетін жылына 10 млн тоннаға дейін, яғни, екі есеге арттыруға құлықты. Каспийдегі 12 мың тонналық танкерлердің санын ұлғайту жоспары бар екенін де мәлімдеді. Алайда, бұл әрекеттер Әзербайжанның нақты мүмкіндіктерімен байланысты болуы керек. Нақтырақ айтса, ол тарап жыл сайын 10 млн тоннадан артық қазақ мұнайын транзит арқылы өткізе алмайды.
Қазақстанның төңірегіндегі энергетика саласындағы ахуал әр түрлі сыртқы және ішкі факторлардың ықпалына ұшырап тұрған кезде Каспий құбыр консорциумы таяу уақытта біз үшін басты экспорттаушы құбыр болып қалуы ықтимал. Алдағы жылдары Қазақстан өндірісті жылына 100 млн тоннаға дейін ұлғайтуға дайын. Тек Каспий құбыр консорциумы жылына 60 млн тонна мұнай айдай алады.
Осыған қарамастан, әлемдегі құбылмалы жағдай Қазақстанның Еуропа бағытындағы мұнай экспортының тұрақтылығына қатер төндіруі мүмкін. Бәлкім, Қазақстан биыл мұнайдың транзиттік көлемін, оның ішінде Баку арқылы да үнемі түзетіп отыратын шығар.
Жалпы, Қазақстан мұнайы әлемдік мұнай экспортынан 1%-дан астам үлес алып жатыр. Бұл Қазақсстанның қаржылық тұрақтылығына ғана емес, әлемдегі мұнай бағасына да әсер ететін мөлшер. Сондықтан Қазақстан да, бізден мұнай сатып алушылар да Қазақстан мұнайының үздіксіз жетіп тұруына ерекше назар аударып отыр.