Жуырда Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Бұл сапар Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары ретінде тарихта қалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Бүгінде екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде Қазақстан мен Албания көп саладағы байланысты жолға қойды. Бұған дәлел ретінде жыл сайын тауар айналымының, импорт пен экспорт көлемінің айтарлықтай артқанын атап өтуге болады. Алайда биыл екі ел арасындағы сауда-саттық динамикасы бірнеше есе азайған. Сарапшылардың айтуынша,
Жалпы АР басшысының Қазақстанға сапары неліктен маңызды, екі мемлекет басшылары қандай келісімдерге қол қойғаны жөнінде Қазақпарат сарапшысының материалында.
Албания жайлы не білеміз
Албания — Балқан түбегінің батыс бөлігінде, Адриатика және Ион теңіздерінің жағалауында орналасқан шағын мемлекет. Ел солтүстік-шығыста Сербиямен, солтүстік-батыста Черногориямен, оңтүстігінде Грекиямен, ал шығысында Македониямен шектеседі. Албания – парламенттік республика және ЕО мүшелігіне үміткер. Қазіргі таңда Албанияның ЕО-ға қосылуы туралы ресми келіссөздер жүріп жатыр.
2012 жылдың қараша айында Албания Республикасы тәуелсіздігінің 100 жылдығын және 1912 жылы 28 қарашада қол қойылған елдің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанын кеңінен атап өткен еді. Тәуелсіздік алғанға дейін Албания бес ғасырдан астам уақыт бойына Осман империясының құрамында болды.
1909 жылы албан жерінде ұлт-азаттық көтерілісі басталып, 1912 жылы аяқталды. Бұл оқиға Осман империясының әлсіреуіне әкелді. Осылайша, Аустрия-Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Ресей және Франция мемлекеттері Албанияның автономиясын, кейіннен Түркиядан тәуелсіздігін мойындады.
Бүгінде Албания әлемнің басқа елдерімен терезесі тең мемлекетке айналды. 2023 жылдың басындағы мәліметтер бойынша, халық саны 3 миллионға жуықтады. Балқан елі статистикалық басқармасының (INSTAT) мәліметінше, ел экономикасы 2022 жылы 4,84%-ға артқан. ЖІӨ де аздап өсім көрсетті, өткен жылы 18,88 млрд долларды құрады, ал 2021 жылы 17,93 млрд доллар болған.
Еуропалық комиссия (ЕК) мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамдарына сәйкес, 2023 жыл да Албания экономикасы үшін оңай жыл болмасы анық. ЕК сарапшылары 2023 жылдың мамыр айында Балқан елінің экономикасы биыл 2,9%-ға өсетінін мәлімдеді. Ал ЕҚДБ Албания экономикасы 2023 жылы 2,5%-ға, келесі жылы 3,3%-ға өседі деп болжап отыр.
Сондай-ақ 2022 жылы Албанияның тауар айналымы 12,7 млрд долларды, оның ішінде экспорт — 4,3 млрд долларды, ал импорт — 8,4 млрд долларды құраған. Албанияның негізгі сауда серіктестері қатарында Италия, Сербия, Черногория, Греция және Македония бар.
Қазақ-албан қарым-қатынасына – 30 жыл
Биыл қазақ-албан қарым-қатынасына 30 жыл толып отыр. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың 21 қырқүйегінде орнатылған еді. Содан бері Қазақстан мен Албания арасындағы қарым-қатынас тұрақты және прогрессивті түрде дамып келеді.
Екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыс та жолға қойылып келеді. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2022 жылы Қазақстан мен Албания арасындағы тауар айналымы 7,7 млн долларға, 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Қазақстан экспортының көлемі — 7,3 млн долларды құраған. Қазақстаннан Албанияға экспорттың негізгі көлемін сұйытылған пропан құрап отыр, оның экспорт көлемі 7,1 млн долларды немесе Албанияға жеткізілген отандық экспорттың 97%-ын құрады. Албаниядан Қазақстанға импорт 2022 жылы 1,1%-ға қысқарып, 422 мың доллар болған.
Дегенмен биыл екіжақты тауар айналым көлемі бірнеше есеге азайып отыр. QazTrade ұсынған деректерге көз жүгіртсек, 2023 жылдың сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналым небәрі 310,6 мың долларды құраған. Себебі Албанияға шығаратын тауарлар саны азайған. Мысалы, былтыр экспорт 7,1 млн долларды құраса, биылғы сегіз айда небәрі 6,5 мың долларды құраған. Ал импорт былтыр 422 мың долларды құраса, биылғы қаңтар-тамыз айларында 304,1 мың доллар болған.
Сарапшылар жуырдағы Албания президентінің елімізге сапары екі ел арасындағы экономикалық байланысқа жаңа серпін беретінін айтып отыр. Өйткені сандар көрсетіп отырғандай, тауар айналым көлемі тіптен азайып кеткен.
Жалпы соңғы он жылдағы сандарға көз жүгіртсек, екі ел арасындағы тауар айналым бір өсіп, бір төмендегенін байқауға болады.
Сарапшы пікірі: Еуропаның ортасында орналасқан Албания – маңызды серіктес
Осы тұста, екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, серпін беру үшін Қазақстан қандай мәселелерге мән беру керек екенін Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітовтен сұрап көрген едік. Оның айтуынша, Балқан елінің Еуропаның ортасында орналасуы тек Қазақстан үшін емес, аймақтағы басқа елдер үшін де тиімді.
«Албания Еуропалық Одақтың мемлекеті болмаса да, Еуропаның орталығында орналасқан. Қазақстан мен Албания Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді бірқатар халықаралық ұйымның мүшесі. Сонымен қоса Албания – Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы ел. Албания Еуропаның ортасында орналасқандықтан, Қазақстан үшін де, өңірдегі серіктестеріміз үшін де маңызды серіктес болып отыр», — деді спикер.
Сонымен бірге, сарапшы екіжақты байланысты күшейту үшін қай салаларды басымдық беру керегіне тоқталды.
«Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – туризм. Өткен жылдан бастап екі ел арасында визасыз режим орнатылды. Еуропаның басқа бағыттарымен салыстырғанда, Албания туризм үшін қолжетімді. Сонымен қатар Қазақстан қазір Транскаспий бағытын белсенді түрде дамытуда, бұл біздің елімізде албан бизнесі үшін жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді. Біз үшін бұл инвестиция тартудың, сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық ресурстар мен пайдалы қазбалардың экспортын қоспағанда, жалпы екіжақты сауданың құрамын арттыру үшін маңызды болмақ», — деді Ерсұлтан Жансейітов.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, елімізде албан заңды тұлғаларының қатысуымен 7 шағын кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақ-албан ынтымақтастығының жаңа деңгейі
Биылғы 6 қыркүйекте Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанға ресми сапармен келді. «Ақорда» резиденциясында албан басшысын қарсы алу рәсімі өтті. Содан кейін Қазақстан мен Албания президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін Албания Президентіне алғыс айтты.
«Бұл – тарихта Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар», — деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Албания Президенті Байрам Бегай Астанаға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
Екі тарап сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Албания арасындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту үшін зор мүмкіндік пен әлеует бар екеніне назар аударды.
«Біз Албанияны Балқан түбегіндегі өте маңызды серіктес ел ретінде қарастырамыз. Қазақстан мен Албанияны көптеген ортақ дүние байланыстырады. Біздің елдерімізде көптеген ұлт пен дін өкілдері мекен етеді. Сонымен қатар екі ел халқының да басым көпшілігі – мұсылмандар. БҰҰ, ЕҚЫҰ және ИЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығымыз бен байланыстарымызды нығайту қажет», — ҚР Президенті.
Қазақстан басшысы Албанияның Еуроодаққа қосылу ниетін қолдайтынын да жеткізді.
«Сіздің Еуропа одағына қосылу бағытындағы саясатыңыздан хабарымыз бар және сіздерді Еуроодақ мүшесі ретінде көруге бейілдіміз. Еуроодақ біздің ірі сауда серіктесіміз және Еуроодақпен арадағы стратегиямыз айқын», — деп атап өтті Тоқаев.
Екі ел астанасы арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Кездесу барысында Тоқаев Астана мен Тирана арасында тікелей әуе қатынастарын орнату қажет екенін атап өтті.
«Туризм, көлік, энергетика және басқа да салалардағы мүмкіндіктер туралы айта келе, астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Қазақстан өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін тағы да атап өткім келеді. Біз нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Президент.
Өз кезегінде Байрам Бегай екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін жоғары бағалап, тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылымдық даму салаларындағы өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Парламентаралық ынтымақтастық кеңейтілмек
Сондай-ақ Албания президенті Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесті. Кездесу барысында өзара серіктестікті одан әрі нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Сенат Спикері Албания Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды және сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев парламентаралық деңгейде, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды одан әрі арттырудың маңызды екеніне назар аударды.
«Екіжақты қарым-қатынасымыздың маңызды бағыттарының бірі парламентаралық байланыс екені анық. Біздің Парламенттің екі Палатасында да Албаниямен достық тобы құрылған. Албания Парламентінде де осындай құрылым құру өзара серіктестігімізді одан әрі нығайтуға ықпал етер еді. Біз тек екіжақты форматта ғана емес, сонымен бірге ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясында да бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Албания Президенті Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалап, барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Медициналық қызмет көрсету саласында тәжірибе алмаспақ
Бұдан бөлек, Қазақстанға ресми сапары аясында Албания Президенті Байрам Бегай ҚР Президентінің Іс басқармасы (ҚР ПІБ) Медициналық орталығының ауруханасына барды.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой делегацияны аурухана қызметімен таныстырды. Қонақтар клиниканың заманауи жабдықтар қойылған блоктарын, клиникалық фармакология, терапия бөлімдерін, емдеу және оңалту орталығын аралады. Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанмен арада медициналық қызмет көрсету саласындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан мен Албания Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі
Қазақстан мен Албания арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АР Президенті Байрам Бегай бірлескен мәлімдеме жариялады.
Мемлекеттер басшылары жылы, достық және іскерлік сипатта келіссөздер жүргізіп, дипломатиялық қатынастардың 30 жылында қол жеткізілген қазақ-албан қатынастарының даму нәтижелеріне жоғары баға берді. Тараптар жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесуге деген ниеттерін білдірді. Олар халықаралық құқыққа және БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына қатысты ұстанымдарының мызғымайтынын атап өтті. Осыған байланысты тараптар Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Албанияны 2022-2023 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымен құттықтады. Тараптар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға және авиациялық рейстер мен бағдарлар санын одан әрі ұлғайтуға мүдделік танытты. Сонымен қатар екі мемлекет басшысы 2022 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған Визалық талаптардан өзара босату туралы екі елдің үкіметаралық келісімінің күшіне енуін қанағаттанушылықпен атап өтіп, аталған құжатты іске асыруға, адамдардың жүріп-тұруы үшін барынша қолайлы жағдай жасауды ынталандыруға және көші-қон саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік базасын кеңейтуге бағытталған шараларды зерделеуге әзір екенін білдірді.
Тараптар екі елдің өңірлері арасындағы әртүрлі саладағы ынтымақтастықты қолдап, Қазақстан мен Албания халықтарының арасындағы байланыстарды бекемдеу үшін екі елдің ынтымақтастық әлеуетін нығайта түсетін елордалар мен басқа қалалардың бауырластық қатынастар орнатуын құптады. Сонымен бірге Президенттер мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға ниет білдіріп, алдағы жылдары бірлескен іс-шаралар өткізуге бағытталған бастамаларды қолдады.