ӘлемБастыСаясат

Қазақстан көлік дәліздерін белсенді дамытып жатыр – Шавкат Мирзиёев

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне орай Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің «Жаңа дәуір қарсаңындағы Орталық Азия» атты мақаласы жарияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Мақалада Шавкат Мирзиёев өңір елдері арасындағы интеграцияға баға беріп, келешек дамуға қатысты ортақ ұстанымдарын баяндаған.

— Орталық Азия дамудың жаңа тарихи маңызды кезеңіне аяқ басты. Біздің өңірде сенім, тату көршілік және өзара құрмет кеңістігі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде бірлесе алға жылжуға негіз болады, — делінген мақалада.

Өзбекстан басшысы аймақтағы интеграция үрдісіне ерекше тоқтала отырып, жан-жақты байланыстарды нығайтуға қосқан әр мемлекеттік үлесін атап өтті.

— Қазақстан көлік дәліздерін белсенді дамытып, шекара бекеттерін жаңғыртып, сауда кедергілерін жоюға бағытталған жобаларды іске асырып жатыр. Қырғызстан мен Тәжікстан мұздықтардың еруі, энергетика, көлік-логистикасы салалары бойынша өзара ынтымақтасады. Ал Түркіменстан бейбітшілік пен сенімді нығайту, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру, БҰҰ-ның Арал бассейні мен климаттық технологиялар жөніндегі бағдарламасын қабылдау жөнінде маңызды бастамалар көтеріп келеді, — деп атап өткен Шавкат Мирзиёев өзінің мақаласында.

Өзбекстан президентінің пайымынша, кейінгі жылдары шекарадан өту рәсімдері оңтайландырылып, гуманитарлық байланыстар нығайып келеді.

— 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары шекарадан ID-карта (жеке куәлік – авт.) арқылы еркін өтіп жүр. Осындай келісімдер Қазақстан және Тәжікстан тараптарымен пысықталып жатыр, — делінген мақалада.

Шавкат Мирзиёев өңірлік ынтымақтастыққа жоғары баға бере отырып, Орталық Азиядағы болашақ интеграцияға қатысты өз көзқарасын баяндаған. Ол қауіпсіздік, энергетика, көлік-логистика, өнеркәсіптік кооперация, экология бағыттарында ықпалдастық келешек серіктестіктің негізі болатынын атап өткен.

TuraNews

Back to top button