Саясат
Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Turanews.kz Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды.
Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді. Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын.