Қазақстан халқының бірлігі күні: ҚР Мемлекеттік орталық музейінде мәдени-танымдық іс-шара өтті
Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды Turanews.kz.
«Қазақ халқының дәстүрлері» атты жиынға Медеу аудандық «Бақытты отбасы» орталығының тәрбиеленушілері қатысып, ел мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы көптеген қызықты мәліметтер тыңдады. «Ирныхас» осетин мәдени орталығының төрағасы Қазбек Мамсуров Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, оның еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлі туралы айтып, осетин халқының салт-дәстүрлерімен таныстырды. Сондай-ақ ол мектеп оқушыларын «Қара жорға» биін билеуге шақырды.
«Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының «Жас қанат» тобы халық биі «Аса таяқ» пен «Белеске» әнін орындады. Қазақтың көп ішекті «жетіген» аспабы мен корейдің көп ішекті «каягым» аспабының арасындағы ұқсастығы туралы Алматыдағы корей ұлттық орталығының оқытушысы Светлана Ким атап өтіп, әсем әуендер де ойнады. Сондай-ақ Қазақстан ұйғырларының Республикалық этно-мәдени орталығы атынан Арафат Абдраим қатысып, ұйғыр және түрік тілдерінде әуезді ән шырқады.
Шара барысында еліміздегі 19 этностың тарихи-мәдени өмірін қамтитын тарих және диаспорология залында экскурсия ұйымдастырылды.