Саясат

Қазақстан халқы мен Президентіне алғыс айтамын – Түркия Елшісі

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи қазақстандықтарға тілектестік пейілдері үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы және басқа да қызметкерлерге зілзала туралы алғашқы ақпарат бергенде алғашқы сәттен бастап қазақстандық бауырларымыз әр түрлі қолдау көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді.

Осы орайда мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және басқа да барлық мемлекеттік органдарына, мекемелеріне бізге тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіргім келеді. Дүйсенбі күні Президент Қ.Тоқаев мырза біздің елдің президентіне көңіл айтқан жеделхат жолдады. Сол күні тағы да телефон арқылы сұхбаттасты. Сұхбат кезінде де бауырлас ел ретінде қайғымызға ортақтасты.

Қазақстандықтар көңіл айтып қана қоймай қаржылай, материалдық көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп жатыр», — деді Уфук Екиджи Астанадағы елшілікте өткен брифингіде.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне келіп, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда үш қазақстандық іздестіріліп жатыр.

TuraNews

Back to top button