ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы елде су тұтыну мәдениеті қалыптаспағанын сынға алды.
«Ауыз су тапшылығы себептерінің бірі — суға немқұрайлы қарау. Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану көбінесе су тұтыну мәдениетіне байланысты екенін айтқан еді, өкінішке орай бізде ол мәдениет жоқ. Жеке тұтынуда біз Еуропа елдеріне қарағанда үш есе көп су жұмсаймыз. Қазақстан — су тапшылығы бар мемлекет. Сондықтан ерте жастан бастап суға деген ұқыптылықты қалыптастыру қажет», — деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, тарифтерді қалыптастырудағы әлеуметтік тәсіл су арналарын қаржыландырудың жетіспеушілігіне және сумен жабдықтау жүйелерінің тез тозуына алып келеді.
Өз кезегінде, бұл су ысырабының орын алуын, апаттар санының артуын және су сапасының нашарлауын туғызып отыр.
«Су ресурстарын үнемдеу үшін сумен жабдықтау, су бұру жүйелерінің өндірістік процестерін автоматтандыру жоспарлануда. Осылай бүкіл өндірістік процесстердегі су ресурстарын есепке алудың толық кешенімен қамтамасыз ету көзделуде. Ол үшін сумен жабдықтау, су бұру жүйелерінің гидромоделін жасау үшін барлық өндірістік учаскелерде су есептеу құралдарын орнату қажет», — деді Ә. Пазылбекұлы.
Автоматтандыру су арнасының алдағы шығындарын, сондай-ақ дамудың оңтайлы модельдерін құру арқылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға бағытталған мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында осы жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттен шамамен 25 млрд теңге қажет.