Тиісті келісімге 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандтағы түркі мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) мүшелері қол қойды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл келісім көліктің әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, Халықаралық жүк тасымалын жеңілдетуге, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасында жүктерді тасымалдау көлемі шамамен 35 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 20%- ға артық. Келісімді қабылдау Қазақстан арқылы жүктерді транзиттік тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайту үшін алғышарттар жасайды, бұл елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсер етеді», – деп атап өтті Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, келісім аясында ТМҰ елдері арасында тасымалдауды дамыту жөніндегі бірлескен комитет құрылады.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттерінің ұйымына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.