ӘлемБастыСаясат

Қазақстан Елшісі Солтүстік Македония Республикасының Президентіне сенім грамоталарын табыс етті

Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Солтүстік Македония Республикасының Президенті Гордана Силяновска-Давкова ханымға сенім грамоталарын табыс етті.

Елші Силяновска-Давковаға жақында өткен президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы болып сайлануына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтаулары мен ізгі тілектерін жеткізді.

Дипломат өз баяндамасында Қазақстан тарапының саяси және сауда-экономикалық серіктестікті, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін білдірді. Осы тұрғыда ол Қазақстанның Скопьедегі жаңадан ашылған Елшілігінің алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, С. Бұршақов Солтүстік Македония басшылығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан қазақстандық қоғам мен мемлекетті жаңғыртуға бағытталған демократиялық реформалар жаңа экономикалық саясаты туралы хабардар етті. Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарына тоқтала келе, соның ішінде Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестік және елімізде жоспарланған ірі халықаралық іс-шаралар туралы айтты.

Ел тарихындағы тұңғыш әйел президент Силяновска-Давкова жауап сөзінде Қазақстан елшісін құттықтап, халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты және көпжақты деңгейдегі ынтымақтастықты ілгерілетуге мүдделі екенін білдірді. Президент қазақстандық дипмиссия басшысына экономикалық қатынастарды дамытуда, өзара сауда-саттықты арттыруда, сондай-ақ мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және туризм саласындағы ынтымақтастықты жандандыруда жаңа тәсілдерді іздеуде табыс тіледі.

Президент Силяновска-Давкова ҚР Мемлекет басшысына шын жүректен сәлемін жеткізуді, сондай-ақ Солтүстік Македонияның Президенті болып сайлануына байланысты құттықтаулары үшін ризашылығын білдірді.

Ресми рәсім аяқталғаннан кейін болған жеке әңгіме барысында Президент ханым екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2025 жылы іс-шаралар өткізу жөніндегі елшінің бастамасын қолдап, жоғары деңгейде өзара сапарлар ұйымдастыруды пысықтауға қызығушылық білдірді және сондай-ақ Солтүстік Македонияның жаңа үкіметімен ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтті.

 

TuraNews

Back to top button