Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келеді — Тоқаев
Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты.
— Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін. Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Мұның өзі, бірінші кезекте, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын көрсетеді. Біз маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделі алыс-жақын елдердің бәрімен ынтымақтастығымызды бағалаймыз. Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтті. Менің Түркияға және Қырғызстанға сапарларым да сәтті болды. Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келеді.
— Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз. Биыл айтулы даталарға толы жыл болды. Ең бастысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Мәскеуде және Бейжіңде өткен салтанатты іс-шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың ондаған миллион құрбаны әлем халқының жадында мәңгі қалатынын аңғартты. Сондай-ақ бәрімізді сол бір қанды қырғынға қайта баға беруден және жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға ұмтылудан аулақ болуға шақырды. Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек. Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық. Сол себепті Қазақстан Аляскада өткен Ресей-АҚШ саммитінің нәтижесіне, сондай-ақ Вашинтонда Президент Трамптың арағайындығымен Әзербайжан мен Арменияның бейбітшілік туралы декларацияға қол қойғанына қолдау білдірді, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанды үш жылда цифрлық державаға айналдыруды тапсырды.