Мәдениет
Trending

Қазақ-жоңғар қатынастарына қатысты жаңа құжаттар ғылыми айналымға енгізілмек

Ұлы дала тарихының аз зерттелген тұстарын айқындау мақсатында Шәкәрім университеті мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлескен ғылыми жоба аясында қазақ-жоңғар қатынастарының XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жаңа қырларын зерделеуде.

Бұл бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қолдаған АР23488522 гранттық жобасы негізінде жүзеге асуда. Жоба жетекшілері – т.ғ.к. Гүлнәр Әбенова және Бақытжан Тоқышкадиров Мәскеу қаласында ғылыми іссапар өткізіп, Ресейдің бірқатар жетекші архивтері мен кітапханаларында зерттеу жүргізді.

Ғалымдар Ресей империясының сыртқы саясатына қатысты қорларды (АВПРИ), Ресейдің Ежелгі актілер мемлекеттік мұрағатын және ірі ғылыми кітапханаларды зерделеп, бұрын ғылыми айналымға енбеген құнды құжаттарды анықтады.

Жиналған мұрағаттық материалдар қазақ-жоңғар қатынастарының табиғатын жаңа қырынан бағалауға мүмкіндік береді. Құжаттарда:

  • қазақ хандары мен сұлтандарының сыртқы саясаттағы рөлі,
  • дипломатиялық байланыстардың даму ерекшеліктері,
  • әскери-саяси қайшылықтар мен аймақтық қақтығыстардың сипаты көрініс тапқан.

Бұл деректер XVIII ғасырдағы Орталық Азиядағы саяси ахуалды тереңірек түсінуге жол ашпақ.

Жоба аясында жарық көретін арнайы мұрағат жинағы тарихшыларға ғана емес, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, жалпы Қазақстан тарихына қызығушылық білдірген барша оқырманға құнды дереккөз болмақ.

TuraNews

Back to top button