ҚоғамСаясат

Қауіпті такси жүргізушілерін анықтап, жазалау қиын – министр

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов интернет арқылы такси қызметін көрсетушілердің жұмысын заңмен реттеу қажеттігін айтты.

«Жолаушыларды тасымалдау саласы да қауіпті деңгейде. Бар нормалар сақталмайды. Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйқысыз және демалыссыз көлік жүргізеді. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Осылайша, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Демалыс, мереке күндері пойызға билеттердің жоқтығынан, такси жоғары сұранысқа ие болады. «Қауіпті» такси жүргізушілерін анықтау және жауапқа тарту қиын», — деді Е.Сәденов.

Осыған байланысты келесі жылдан бастап такси қызметімен айналысатын интернет-агрегаторларға қойылатын талаптар күшейтілмек.

«Интернет-агрегаторлардың рөлі тек тапсырыс бөлумен шектеледі. Сондықтан келесі жылдан бастап оларға тасымалдау талаптарын бақылау жүктеледі. Бұған, Цифрлық даму министрлігі, Еңбек министрлігі, Көлік министрлігі және әкімдіктер қатысуы қажет», — деді Ержан Сәденов.

Сондай-ақ, ол өңір әкімдерін қалалар арасында қатынайтын қоғамдық көлік санын көбейтіп, бағасын субсидия арқылы арзандатуға шақырды.

«Көлік министрлігі мен әкімдіктерге келесідей жұмыстарды ұйымдастырғаны дұрыс. Біріншіден, қалааралық жолаушылар көлігін дамыту керек. Екіншіден, демалыс, мереке күндерін ескеріп, сұранысқа ие бағыттар бойынша рейс санын көбейту қажет. Үшіншіден, субсидия арқылы жолақыны арзандату керек. Төртіншіден, еңбек және демалыс режимін бақылау құралдарын орнату ұсынылады», — деді министр.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button