БастыЭкономика

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл салада соңғы бес жылда оң нәтижелер байқалғанымен, әлі де шешімін күткен маңызды міндеттер бар.

Президент: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді», – деді.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, шамамен 17 трлн теңгеге жеткен. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4%-ды құрап отыр.

«Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды», – деді Президент.

Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында ірі машина жасау және металлургия кәсіпорындары ашылды. Сонымен қатар, Алматыда Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндіретін зауыт жұмысын бастады. Дегенмен, Тоқаевтың айтуынша, бұл жеткіліксіз.

«Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, қолдау шаралары қазір әртүрлі институттар арқылы жүйесіз жүргізіліп отыр. Бұл кәсіпкерлерді шатастырады. Сондықтан Президент бұл саланы бір орталықтан үйлестіріп, ретке келтіруді тапсырды.

Тау-кен металлургиясы:
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 8% екенін атап өтті.

«Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Бірақ оның даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар», – деді ол.

Президенттің айтуынша, алдағы үш жылда жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорын іске қосылуы тиіс.

Газ-химия және энергия жобалары:
Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды, Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынды.

«Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ол инвесторлар үшін шикізат тапшылығы мәселесін шешу керектігін айтты.

«Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан, бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек. Инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн», – деді Президент.

Сондай-ақ, Тоқаев экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін тұрақты электр энергиясының жеткілікті болуы аса маңызды екенін атап өтті.

TuraNews

Back to top button