Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады»

«Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды.
Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазіргі таңда Жасанды интеллектінің «жаны» (эмпатия) әзірше жоқ.
Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр.
Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады.
Сөз соңында, Форум жұмысына табыс тілеймін. Жиын барысында құнды ой-пікірлер, пайдалы ұсыныстар айтылады деп сенемін».