Әлем

Қашқадарияда Әмір Темір дәуіріне жататын ауыл қирандылары табылды

Өзбекстанның Қашқадария облысының Мүбәрәк ауданындағы Қожа Равшан ескерткіші маңынан Әмір Темір дәуіріне жататын ауыл қирандылары табылды, деп жазады Turanews.kz Uza.uz агенттігіне сілтеме жасап.

Өзбекстан Мәдени мұра агенттігінің хабарлауынша, Самарқанд археологиялық институтының қызметкерлері қазба жұмыстары кезінде ауыл қирандыларының арасынан Әмір Темір дәуіріне жататын 4 бөлме тапқан.

13-14 ғасырларда бұл ескерткіштің орнында Қаршыдан Бұхарға апаратын қалың керуен жолы орналасқан болған. Ауыл қирандыларының ауданы бүгінде 30 гектарды құрайды.

Мамандардың айтуынша, сол кезде өмір сүрген ауыл тұрғындары соңғы шағатай дәуірінің соңы мен Әмір Темір тұсында мәдени жағынан біршама дамыған. Табылған заттардың ішінде тақтайшалар, сырланған қыш ыдыстар, металл ауылшаруашылық құралдары және басқа да сирек кездесетін заттар бар.

Зерттеушілер Әмір Темір тұсында қалаларда ғана емес, ауылдарда да даму деңгейі жоғары болды деген алдын ала қорытындыға келгені айтылады хабарламада.

TuraNews

Back to top button