Қала тыныштығын күзететін әскери бөлімге 30 жыл толды
Өскемендегі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің құрылғанына 30 жыл толды.
Әскери бөлімнің іргетасы 1995 жылы 20 ақпанда бөй көтерген. Мыңнан астам ұландық қызмет ететін әскери бөлім салтанатты шараны қаладағы Металлургтер мәдениет сарайында ұйымдастырды. Тағылымға толы іс-ара мемлекеттік әнұранды орындаумен басталды. Әскерилер көк туға бой түзеп тұрып, әнұранға құлақ қойды. 5518 әскери бөлімінің қызметкерлері көк туды қорғау жолында әркез жан аямай еңбек етіп келеді.
Мерейлі шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев, сонымен қатар өзара бірлесе әрекет ететін органдары, Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты. Кеш барысында әскери бөлімнің Ұлттық ұлан қатарындағы елеулі жылдардағы айтулы оқиғаларымен баяндалды.
Салтанатты шара барысында шара қонақтары сөз сөйлеп, жеке құрамды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, генерал-майор мінсіз қызмет еткен және жауынгерлік дайындық барысында үздік деп танылған бірқатар әскери қызметшілер алғыс хаттар және грамоталармен марапаттады.
— Бүгін біз үшін ерекше күн. Біздің әскери қызметшілер өздерінің міндеттерін үлкен абыроймен атқаруда. Әскери бөлімнің құрылған күні мерекесі қарсаңында барлық жеке құрамды айтулы күнмен құттықтаймын. Еліміздің өркендеуі жолындағы жауапкершілігі жоғары қызметтеріне жетістіктер тілеймін. Аспанымыз ашық, деніміз сау, еліміз аман болсын, — дейді, — 5518 әскери бөлімінің командирі подполковник Елтай Рақымжанов.
Құттықтау сөздерінің легін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смид жалғап, арнайы мейман 5518 әскери бөлімінің жеке құрамына ақжарма тілегін жаудырды. Мерекелік іс-шара барысында әскери бөлімнің ардагерлері мен әскери қызметшілері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әскери бөлімнің қоғамдық тәртіпті қорғауға және елдегі жедел жағдайдың өзгеруіне байланысты атқарған еселі қызметтері айтарлықтай. Бүгінде аталған әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік әзірлікті шыңдап, жауынгерлік міндеттерін қырағылықпен орындап, еліміздің тыныштығын күзетуде. Айтулы күнге орайластырылған шара концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.