19 қараша сағат 00-00-де кезектен тыс президент сайлауы алдындағы «тыныштық күні» басталды. Яғни, президент сайлауына қатысты кез келген үгіт жұмысына тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес, сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.
Айта кетейік, сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, 2022 жылғы 21 қазаннан 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасты. Бұл процеске берілген 28 күн түгесілген шақта, яғни 19 қараша күні сағат 00.00-ден 20 қараша сағат 00.00-ге дейін «тыныштық күні» жарияланды.