Бірнеше сағат бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары басталды. Қазақстан Президенті бұл жолы бірқатар мемлекеттің басшыларымен,халықаралық ұйымдардың, трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен кездесу өткізеді деп жоспарланған, деп жазады Turanews.kz.
Бірақ ең бастысы Біріккен ұлттар ұйымы Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлейді. Және «Орталық Азия-АҚШ» саммитіне де қатысады. Сессия қарсаңында америкалық Wall Street Journal «АҚШ-қа Орталық Азиядағы стратегиясын жаңарту керек» деген материал жариялады.
Онда қыркүйектің 19-ы күні БҰҰ сессиясы аясында өтетін саммитте АҚШ президенті Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан елдерінің басшыларымен алғаш рет кездесетініне мән берілген. С5+1 форматында өтетін жиын осы аймақ үшін маңызды қадамдардың бірі болуы мүмкін.
Америкалық басылым Орталық Азиямен ынтымақтастықтың неге маңызды екенін талдаған. «АҚШ еуразиялық континент жүрегіне стратегиялық жол табуы керек, өйткені тарих тұрғысынан Ресей мен Қытайға қарағанда оның ықпалы аз болған. Ал қазір Мәскеу мен Бейжің қауіптерге тап болғанда, Вашингтон Орталық Азиямен байланысты нығайта алады. Ал аймақтың басты лидері Қазақстанмен әріптестікті күшейту негізгі қадам болмақ», — делінген мақалада.