– Бұл Орталық Азия мемлекеттері мен Германияның өңірлік стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделілігі мен ұмтылысын айғақтайды деп санаймын. Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Сындарлы пікір алмасулар елдерімізге пайда әкелетін шешімдер шығаруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгін «Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады.
– Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германияның өңіріміздегі барлық мемлекетпен теңқұқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» формуласына сай «Орталық Азия плюс» форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатынын жеткізді. Сондықтан әлемнің ең дамыған мемлекеті әрі Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық.
Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.
– Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.
– Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, оның ішінде Германияға аса маңызды материалдарды жеткізу көлемін ұлғайтуды басты бағыттың бірі деп санайды.
– Қазақстан Германия компанияларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Өңірдегі кенді бастапқы және қайта өңдей отырып, «шикізатты технологияға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынамыз. Бұл орайда HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруын құптаймыз. Оның құны 500 миллион доллардан асады. Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның Технологиялық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесіне де баса назар аударылды.
– «Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «жасыл» энергияға көшу және су ресурстарын сақтау мәселелеріне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айтты.
– Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, Қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі бастама өте өзекті. Бұл бастаманы бүгінгі кездесуге қатысушылардың бәрі қолдайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылым-білім саласындағы байланыстың дамуын маңызды міндет ретінде атап өтті. Қазақстан Президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және «жасыл» технология сияқты перспективті бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері көпжақты ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде ұдайы назарда болатынын атап өтті.
– Елдеріміз санқырлы форматта, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз алдағы уақытта да әлемде баламасы жоқ осынау әмбебап Ұйымның терроризммен, эсктремизммен, заңсыз көші-қонмен және климаттың өзгеруімен күрестегі, сондай-ақ бітімгершілік пен қарусыздандыру ісіндегі күш-жігерін толықтай қолдауға ниеттіміз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғыз Республикасына табыс тілеймін. Қырғызстан Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы жиында айтылған барлық ұсыныс бүгін қабылданатын Бірлескен декларациядан көрініс табатынына сенім білдірді.
Саммитте ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.