БастыСаясат
Trending

Президент автокөлік тасымалын дамыту үшін жол сапасы мен қауіпсіздігін реттеу керегін айтты

Мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстанда теміржолмен қатар, автокөлік тасымалын дамыту керегін айтты.

«Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет.

Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын.

Автокөлік тасымалын дамыту туралы айтқанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек.

Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр тоғыз бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады.

Цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру керек.

Мен Жолдауымда жүк тасымалын басқаратын «Smart Cargo» цифрлық платформасын, сондай-ақ кеден рәсімдерін жасайтын «Keden» жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек. Осылайша, біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасады» – деді Мемлекет басшысы.

TuraNews

Back to top button