Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты елорданың бауырлас қалалары форумының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Turanews.kz.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, жиынға қатысып отырған бауырлас қалалардың басшыларына, әлемнің бірнеше елінен арнайы келген мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, Астананың 25 жылдық қалыптасу тарихына қысқаша тоқталды.
– Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды. Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанына назар аударып, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты. Президенттің пікірінше, Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе.
Мемлекет басшысы жаңа елордамыз Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін бергенін, жаңару мен жаңғыруға жол ашқанын, бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын, дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар екенін, бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданатынын, болашақта да солай бола беретінін жеткізді.
– Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады.
– Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие бола бастады. Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсаттарының бірі қаланы дамытуға арналған. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанда біз осы бағытқа ерекше назар аударамыз. Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы үш есе ұлғайып, халқының саны төрт есе өсті. Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды, – деді Мемлекет басшысы.
Алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Президенттің пікірінше, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының өмір сүру сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды.
– Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек. Біз қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек. Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларды барынша сапалы басқару ісінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын технологияның рөліне айрықша тоқталды.
– «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін ең өзекті міндет. Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді. Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті. Intelligent Community Forum беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 шаһардың қатарына енді. Сонымен қатар қаламызда Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі құрылды. Бұл технопарк тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе, Президент елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқанына назар аударып, маңызды саяси реформалар нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейгенін атап өтті.
– Еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын, – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Рабат қаласының мэрі Асмаа Рхлалу (Марокко), Нусантара қаласы ұлттық астаналық басқармасының басшысы Бамбанг Сусантоно (Индонезия), Пенза облысының губернаторы Олег Мельниченко (Ресей), Бразилиа федералды округінің мемлекеттік хатшысы Фелипе Рамон Моро Родригез (Бразилия), Бішкек қаласының мэрі Эмильбек Әбдіқадыров (Қырғызстан), Белград қаласының вице-мэрі Весна Видович (Сербия) сөз сөйледі.